Түркістан облысы Полиция департаментіне филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Құрметті азаматы, Түркі әлемінің үздік педагогы, Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сейдолла Садықов арнайы шақыртылды. Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында арнайы шара ұйымдастырылды.
Ұлағатты ұстаз жеке құрамға Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін өткізудің халықтық бастау көздері мен дәстүрлері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. С.Садықов өз сөзінде Наурыз мерекесінің тарихына тереңінен үңіле, мысалдар келтіре отырып жеткізді. Оған қоса «ҚР Президентінің Жолдауындағы кешегі наурыз айының 16-сы күнгі Жолдауындағы Құқық қорғау органдарының беделін көтеру қажет деген сөзімен келісемін. Ішкі істер саласында қызмет ететін Сіздер, біздің қорғанымызсыздар, бауырымызсыздар. Біреуімізге іні, енді бірімізге әкесіздер. Кешегі қаңтардағы қақтығыста елмен бірге екендіктеріңізді көрсеттіңіздер. Ел үшін жанын берер жан екендіктеріңізді көрсеттіңіздер! Сондықтан сіздердің ел арасындағы мәртебелеріңізді көтеру қажет. Бұны қос қолдап қолдаймын!»-деп атап өтті. Сонымен қатар, полицейлерге Наурыз мерекесі туралы бейнероликтер көрсетілді. Жалпы аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған іс-шараларды ұйымдастыру. Мұндай шаралар еліміздің саяси тұрақтылығын нығайтуға ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтауға, насихаттауға ықпалын тигізеді. Қазақстанда бірлік пен ынтымақты нығайту, ортақ мәдени-рухани құндылықтарды, жалпыұлттық сананы қалыптастыруда рөлі ерекше. Аталған ұлық мерекені атап өту жөніндегі іс-шаралар Қазақстан халқының мәдениетін біріктіруге, мәдени құндылықтарды қалыптастыруға, қоғамда жалпыхалықтық келісім мен бейбітшілікті насихаттауға бағытталған. Иә, Наурыз — көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз. Ендеше Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!