Шымкент қаласында әр аптаның жексенбі күндері төрт аудан аумағында орналасқан спорт алаңшаларда «Аула чемпионаты» ұйымдастырылуда. Бұл туралы қала әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев мәлім етті.
Сала жетекшісі аталған спорттық іс-шара «Балалар жылы» аясында мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесе жыл соңына дейін өткізілетінін атап өтті.
Бұл жарысқа 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен (асық ату, ләңгі тебу, баскетбол, футбол, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдыру) сынға түсуде. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталып, қатысқан барлық балаларға арнайы сыйлықтар берілуде.
Бүгінгі күнге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында орналасқан 44 спорт алаңшада «Аула чемпионаттары» өткізілді. Осы өткізілген спорттық іс-шараларға 3 мыңға жуық балалар қатысып, 200-ге жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды. «Аула чемпионатын» жыл соңына дейін 104 спорт алаңшада (әр ауданда орналасқан 26 алаңшада) өткізу жоспарлануда. Аталған іс-шараға 6 мыңннан астам балалар қатысады деп күтілуде.