Жалпы қоғамда болып жатқан құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жөнінде бірінші хабардар болып отыратын кезекші бөлімнің қызметкерлері. 102 арнасына келіп түскен әрбір ақпарат бойынша өздерінің міндетін мүлтіксіз атқарып отыратын тәжірибелі полицейлердің жұмысы қашанда қарбаласқа толы. Жақсылық Таттыбеков бұл қызметтің қыр-сырын меңгерген білікті маман. Полиция старшинасы Арыс аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесінде 3 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Өзі Арыс ауданының тумасы. Осыдан 8 жыл бұрын Ішкі істер саласындағы қызметін патрульді полицей лауазымынан бастаған Жақсылық, қиындығы мен қызығы қатар жүретін құқық қорғау саласында беделі артып, дәрежесі биіктей берді. Тіпті осынау еңбектері еленіп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері атанған.
— « Біздің жұмыс бір қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Алайда қандай жағдай болмасын азаматтармен ең бірінші байланысқа біз шығамыз. Ол келіп түскен қоңырауларға жауап беріп қана қоймай, әрбір хабарламаға сәйкес, яғни отбасылық ұрыс-керіс болып жатса учаскелік инспекторларына, жол апаты болған жағдайда патрульді полицейлерге хабарлап, тиісті шара ұйымдастырып, нақты оқиға орын алған жерге жөнелтеміз. Бұл кезекші бөлімнің арнасына күндіз-түні тыным болмайды. Ал телефон әлсін-әлсін шырылдаған сайын, біздің де жанымыз жай таппайды. Себебі біздің жедел әрекетіміз қылмыстың ізін суытпай ашуда немесе көмекке мұқтаж азаматтардың өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады»,-дейді полиция старшинасы.
Бүгінде 2 қыз бен 1 ұлдың әкесі, жанұясының қорғаны болып жүрген Жақсылық өмірде де, қызметте де атына сай тек жақсы жағынан көзге көрініп келеді. Оның Алматыда оқып, алғаш бітірген мамандығы теміржолшы болғанымен әскерде борышын өтеп қайтқан соң, мақсаты түбегейлі өзгерген. Яғни әскерде «Қазақстанға адал қызмет етемін» деген антынан айнымаған патриот болашағын құқық қорғау саласымен байланыстырған. Ендеше білікті полицейдің өмірдегі өз жолын адаспай тапқанына бізде қуаныштымыз.
Еске сала кетсек, 2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қару-жарақ сақтайтын қоймада жарылыс болып, дүрбелең туғызған болатын. Осындай қысылтаяң сәтте өз орындарынан тапжылмай қызмет еткен санаулы полицейлердің ішінде Жақсылық Пернешұлы да бар. Ол өзіне қауіп төніп тұрса да болып жатқан жағдайды көзімен көріп, басшы құрамға айна-қатесіз баяндап отыру міндетін абыроймен атқарғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, ҚР Президентінің қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алған болатын.