Шымкент қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастырумен «Ruh camp» көшпелі оқыту семинары өтіп жатыр. Семинарға Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының идеология саласына жауапты жергілікті атқарушы органдарында жұмыс істейтін 30-дан астам қызметкер қатысуда. Оларға танымал коуч жаттықтырушылар, республикалық сарапшылар қауымдастығының өкілдері мен институт қызметкерлері дәріс өтеді.
Оқыту семинары қызметкерлердің коммуникативтік қасиеттері, аналитикалық дағдылары мен сыни ойлау қабілеттерінің дамуына, ауқымды деректермен жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруге, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің біліктілігінің артуына және БАҚ саласында сапалы ақпараттық-имидждік сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Оқыту семинарын «Data Insight» тәуелсіз агенттігінің және Dataisight Academy онлайн мектебінің директоры, әлеуметтік, бизнес және ғылыми зерттеулер жүргізудегі 12 жылдық тәжірибесі бар, 50-ден аса аймақтық, республикалық және халықаралық ауқымдағы жобалардың авторы, әлеуметтік психология және зерттеу әдіснамасы бойынша жаттықтырушы Ілияс Тілеубергенов жүргізуде.
Екі күндік модульдің алғашқы күні Ілияс Тілеубергенов «Мемлекеттің идеологиялық жұмыстары: аймақтарда іске асыру жолдары» тақырыбында сөз алып, идеологияның маңыздылығы, қоғамдық сана мен құндылықтарға әсері, идеологиялық жұмыстарды қаражатсыз өткізу, идеологиялық жұмыстың тиімділігін бағалау мен мониторинг жасаудың тәсілдері бойынша кеңінен әңгімеледі.
Айта кетейік, семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды деп жоспарланған.
Жалпы, «Ruh camp» көшпелі оқыту семинарлары осыған дейін 24-25 тамыз күндері Көкшетау, 7-8 қыркүйек күндері Ақтөбе қалаларында өткен. Биылғы жылдың 5-6 қазан күндері Алматы, 13-14 қазан Астана қалаларында жалғасады.
«Шымкент келбеті»
Фото Серік ҚОСАЕВ.