Республикамыздың басшысы Жолдауын іске асыру бойынша ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері Сайрам тұрғын алабындағы «Юнекс» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесті. Кездесуде Шымкент қаласы Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Оңтүстік Қазақстан жылыжай жұмыскерлері қауымдастығының» төрағасы Мырзахмет Сынабаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқын көрсетілген негізгі бағыттарды атап көрсетті.
Бәсекеге қабілетті бизнесті ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыстар есебінен қолдау. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жоюға, нарықта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға үлкен мүмкіндіктер бар. Облыстық кәсіпкерлер палатасының құрылуы өңірдегі бизнестің өркендеуіне тың серпін беріп, бизнес субъектілерінің қатарының артуына септесіп келеді.
-Жолдау – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басым бағыттары айқындалған. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі мәні – ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар көре алатындай әділетті экономикалық жүйе құру. Сонымен қатар, жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс, -деді М.Сынабаев.
Кездесуде мекеме жұмысшылары айтылған мәселелер бойынша сұрақ жауап алмасып, ой-пікірлерімен бөлісті. Қала аумағында мұндай ақпараттық-насихаттық топтың жиындары жалғасын табатын болады.