Қала әкімі Мұрат Әйтенов кезекті аралауында қала аумағындағы сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын да тексерді.
Қаратау ауданына қарасты Достық мөлтек ауданын сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2022 жылдың тамыз айында басталған болатын.
Құрылыс жұмысы барысында 1206 электр бағанасы мен трансформатор орнатылып, 47 шақырымнан астам электр желісі тартылды. Тұрғындардың сұранысы бойынша, қосымша жобадан тыс көше бойына әр 3 үйге бір электр бағанасы орнатылуда.
Елді мекен тұрғындары электр энергиясына әр киловатына 25-30 теңгеден төлеп келген. Алдағы уақытта абоненттеу жұмыстары толық аяқталып, тариф құны 17,9 теңгені құрайтын болады.
Айта кетейік, мердігер мекеме есебінен электр энергиясы тұрғын үйдің алдына дейін жеткізіледі. Әрі қарай кабельді қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріп, тұрғындар өз есебінен жүргізетін болады.
Қазіргі уақытта абоненттеу жүргізілуде. Жұмыс толық аяқталған соң Достық мөлтек ауданындағы 2686 үй сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Бұл туралы шаһар басшысының инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын қадағалауы барысында баяндалды.
Сондай-ақ, Тұран елді мекені тұрғындарын сапалы электр қуатымен абоненттеу жұмысы басталды.
Қаратау ауданына қарасты Тұран елді мекені тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтудың 2-кезек құрылысы 2021 жылы басталды.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмысы толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу, яғни абоненттеу жұмысы жүргізілуде.
Құрылыс кезінде 86,5 шақырым электр желісі тартылып, 21 электр трансформаторы мен 3 078 электр бағаналары орнатылды.
Абоненттеу жұмыстарының нәтижесімен барлығы 3 058 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Тұрандықтар бұған дейін электр қуатын тұтыну барысында 25-30 теңге аралығында төлем жасаса, бұдан былай тариф құны 17,9 теңгеге түседі.
Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысымен Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Солтүстік саяжай елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылады.
Нәтижесінде, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алып, көрсеткіш 98 пайызға жетеді.