Бүгін Тұран шағынауданындағы «New city» тұрғын үй кешені ауласында жаңадан ашылған балалар алаңшасы 25 қазан – Республика күніне тарту етілді.
Балалар алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Рақымберді Мулкеманов қатысып, тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтады.
–Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бүгін 25 қазан – Республика күні қарсаңында 9/3, 9/4, 9/6, 9/7 үйлердің ауласында жаңа балалар ойын және спорт алаңшасы қолданысқа беріліп отыр. Жалпы, биылдың өзінде 51 ойын және спорт алаңын салу жоспарланған болатын. Оның 41-і ойын алаңы. Мұның барлығы бүлдіршіндеріміздің игілігі үшін жасалып жатқан дүниелер. Барша аудан тұрғындарын Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деді аудан әкімі.
«Балалар ойын алаңының» ашылу салтанаты өтті. Қызылды-жасылды шарлармен безендірілген алаң бүлдіршіндерімізді шексіз қуанышқа бөледі. Балаларымыздың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен заманауи алаң (балалар ойын алаңы, жаттығу алаңы) ретінде қолданылатын болады.
Еліміздің көркейіп болашақта өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Біздің мақсатымыз салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы балалаларымыздың денсаулығын сақтау және нығайту, дені сау, жаны таза, қозғалыс ептілігі мен дағдылары жетілген, салауатты өмір салтын сақтайтын тұлға қалыптастыру.
Жаңадан ашылған алаңшада демалуға арналған бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері орнатылған. Ал, ересектер үшін дене шынықтырумен айналысуға да мүмкіндік бар. Жаттығуға арналған спорт тренажерлері салаутты өмір салтын ұстанушыларға сеп болмақ. Орнатылған ойын және спорт элементтерінің барлығы Шымкенттегі кәсіпорында өндірілген отандық өнім. Мердігер компания екі жылға кепілдік мерзім беріп отыр.
«Шымкент келбеті»