Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаевтің қатысуымен жылыту маусымы кезінде төтенше жағдайлар бойынша қабылданған шаралар туралы баспасөз брифингі өтті.
«Жылыту маусымы кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 15 тамыздан бастап қала аумағында «Өрт қауіпсіздік айлығы» бастау алған. Оның шеңберінде тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін азайтуға бағытталған кезең-кезеңімен жүргізілетін іс-шаралар іске асырылуда.
Бірінші кезеңде халықтың әлеуметтік осал топтары арасында профилактикалық жұмыс. Бүгінгі күні профилактикалық іс-шаралар барысында 5 164 адамнан тұратын барлық әлеуметтік осал отбасылар түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Екінші кезеңде жақханалар мен жатақхана ретінде қайта салынған үйлерде профилактикалық жұмыс. Профилактика шеңберінде пәтер тұрғындары арасында 3 862 адамды қамти отырып, газ жүйесіне қосылмаған жиырма шағын отбасылық жатақхана мен он жеті жатақхана арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал үшінші кезеңде жеке тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыс жүргізілді. Бұл ретте 33 459 адамды қамтыған 6 327 үйге барып түсіндіру жұмыстары мен 12 300 адамды қамтыған 233 жиын ұйымдастырылды», — деді азаматтық қорғау полковнигі А.Бейсембаев.
Спикердің мәліметінше, өртке қарсы жүріс-тұрыс негіздерін білмейтін азаматтардың кінәсінен өрттердің 80%-дан астамы орын алған. Осыған байланысты, қоғамды өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мәселелері мен жолдары туралы ақпараттандыру, адамдардың санасына өрт проблемасының бар-жоғын енгізу бойынша жұмыстар мақсатты түрде жүргізілуде. Ол үшін «Жатақхана», «Әр үйге қауіпсіздік», «Улы газдан сақ бол» профилактикалық акцияларының циклі, спорттық жарыстар, өрт қауіпсіздігі ережелерін білуге арналған викториналар ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, аталған департаменттің бастамасымен газ дабылдарын сатып алу және орнату бойынша жергілікті атқарушы органдар мен демеушілер арасында меморандумға қол қойылып, қазіргі уақытта департамент қызметкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерінде осы газ дабылдарын орнату бойынша жұмыс жүргізуде.
Баспасөз брифингінде Аманбек Алтынбекұлы, жылыту кезеңін қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныстарды айтып өтті.
Олар:
• жылыту маусымы басталар алдында және жылу беру маусымы барысында түтін құбырларын, түтін мұржаларын және жылыту пештері мен жүйелерінің басқа элементтерін күйеден кемінде үш айда бір рет тазалау;
• электр сымдарына тексеру жүргізу, тозған және уақытша схема бойынша жүргізілген электр сымдарын ауыстыру жөнінде шаралар қабылдау;
• электр желілерін шамадан тыс жүктемеу. Үй-жайды жылыту үшін қолдан жасалыңған стандартты емес электр жылыту құралдарын пайдаланбау;
• пештерді қатты қыздырмау, жанғыш материалдарды, кірлерді жанып жатқан пештің үстінде кептірмеу;
• аула аумағын құрғақ шөптен және жанғыш қоқыстардан тазарту, күл жинау үшін қауіпсіз орынды алдын ала анықтау;
• балаларды үйде ересектердің қарауынсыз қалдырмау.
Өрт кезінде -101 нөміріне хабарласыңыз!