Шымкент қаласы әкімінің қала тұрғындарымен кездесуінде көтерілген мәселелер кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді. Мысалы, Еңбекші ауданының тұрғындары бірнеше елдімекендегі көшелерді жарықтандыруды сұраған болатын.
Қала әкімінің тапсырмасымен тиісті басқармалар мен аудан әкімдігі тарапынан жұмыстар атқарылып, тұрғындардың талап-тілегі орындалды. Атап айтқанда, Мұнайбарлаушылар көшесін жарықтандыру 2022 жылдың жұмыс жоспарына енгізіліп, жалпы ұзындығы 2000 метр көше және балалар ойын алаңшасы жарықтандырылды.
Бұған қоса Маятас тұрғын алабындағы Көзді ата көшесінде 300 метр жолдың бойына, ал Жарлыкөл көшесінде 2 шақырымға жуық жолдың бойына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса Жыланбұзған тұрғын алабындағы Қарақыстақ көшесін жарықтандыру жұмыс жоспарына енгізіліп, құрылыс жұмыстары өтпелі кезеңмен 2023 жылдың наурыз айына дейін атқарылады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2021-2023 жылдары 312 көшені жарықтандыру жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қалаларда тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орынау мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі «Шымкент қаласын жарықтандырудың құрылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасын әзірлеген. Жобаның аясында 2021 жылы Шымкентте 136 көше жарықтандырылды. Солардың арасында шалғай елді мекендер мен шағын аудандардағы Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы және Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат секілді көшелерді атап көрсетуге болады. Мұнан бөлек 2021 жылы 30 көшедегі ескі жарық шамдар, заманауи LED шамдармен алмастырылды. Шамы жаңарғандардың арасында Темірлан тас жолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төле би секілді орталық көшелер де бар. Қаладағы жарықтандыру желілері автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылып жатыр. Диспетчерлік орталықта қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығын, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығын көрсететін бұл жүйеге әзірге 40 көше қосылған. Жыл соңына дейін 100 көше қосылады деп жоспарланып отыр.
«Шымкент келбеті»