3.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

ҰЛЫ ТҰЛҒА ШАНИН ҰРПАҚТАРЫНЫҢ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкентте қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, режиссер, драматург Жұмат Шаниннің 130 жылдық мерейтойы өтті. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының бастамасымен шымкенттің зиялы қауым өкілдері Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ұлы тұлғаның ұрпақтарымен кездесті.

Салтанатты жиын Жұмат Шаниннің театрдағы тырнақалды туындыларының бірі «Арқалық батыр» пьесасының үзіндісімен басталды. М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері қысқа ғана көрініспен ел тарихынан сыр шертіп, қазақ батырларының болмысын паш етті.

Мерейтойға Жұмат Шаниннің немерелері — режиссер Болат Қасымханұлы мен Жанат Қасымханқызы, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры  Асхат Маемиров,  театртанушы, Өнертану ғылымының магистрі Айзат Қадырәлиева арнайы келіп, ұлы толғаның өмір жолы мен қазақ театр өнеріне сіңірген еңбегі жайлы тың деректермен бөлісті.

— Атамыздың есімін еске салып, оның бейнесін тірілтіп, сахнаға әкелгендеріңіз үшін Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы драма театрының ұжымына, драматург Сая Қасымбекке алғысымызды білдіреміз. Жұмат Шаниннің  қаламынан туған көптеген пьесалар болған. Алайда, оның қолда барын жинақ етіп құрастырғанымен, әлі де табылмай жүрген шығармалары бар. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасына дейін атамыздың «Қозы Көрпеш-Баян» атты пьесасы болғанын архив құжаттарынан білдік. Сондай-ақ, «Батыр Баян» туындысы да табылмай отыр, — деді Болат Шанин.

Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры  Асхат Маемиров Жұмат Шаниннің қазақ театр өнерін дамытудағы ерен еңбегіне тоқталды.

—Жұмат Шаниннің өзінің еңбектерінде қазақ этнографиясын, фольклорын қосып, ұлттық нақышта сахналап отырды. Мұның барлығы оның дала мәдениетін бойына бала күнінен сіңіруінде жатыр. Қоянды жәрмеңкесі — ең алғашқы дала театры. Бала күнінен жәрмеңкеден қалмай, қазақ өнерімен сусындап, ұлы дала академиктерінің көзін көрді десек болады. Сәкен Сейфуллин, Бекмұхаммед Серкебаевтармен бірге Омбыда білім алды. Ал, Омбыдағы қалыптасқан өнер ортасы Жұмат Шаниннің рухани өсуіне сеп болды. Оның өнердегі музасы — Жанбике Шанина. Қазақ сахнасында ұлттық аспаптарда ән шырқап жүрген қыздарымыз болғанымен, театр сахнасында жоқ еді. Шанин қазақ театрының негізін қалау үшін жары Жанбикені сахнаға шығарды. Қазақтан шыққан тұңғыш театр актрисасы Жанбикенің есімін ұлықтап, жаңғырту үшін еліміздегі өнер институттарының студент қыздарын «Жанбикенің жалғастары» сынды   арнайы сапарға алып шығып, олар жүрген жолмен жүріп, еңбектерімен таныстырсақ, — деп Асхат Максимұлы өз ұсынысын білдірді.

Ұлы тұлғаның немересі Жанат Қасымханқызы архив деректеріне сүйене отырып, әлі де ел ішінде бұрмаланып келе жатқан тың мәліметтерді бөлісті. Ал, театртанушы Айзат Қадыралиева  еліміздегі ұлы тұлғалардың есімімен аталатын театрлардың ешбірі сол азаматтардың туындыларын театр репертуарына қосып, сахналамай жүргенін сынға алды.

Жиын соңында кеш қонақтары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер Ж.Шаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТ: ҚЫЗЫЛШАҒА ҚАРСЫ ЖАППАЙ ИММУНДАУ ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА

smarttop

Сахна тақырыпқа сай безендендірілген

smarttop

2023 ЖЫЛДАН БАСТАП 35 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ АЗАМАТТАР БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛУДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУҒА ИЕ

smarttop

Пікір қалдыру