Экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында, Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғыннан арқар етін тапты.
Нақтырақ айтсақ, Бәйдібек ауданы Табиғатты қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Алмас Серіков, күнделікті жұмысын атқару кезінде, таулы аймақта атты ер адамды байқап, оны тоқтатып не мақсатпен жүргенін сұрастырады. Сондай-ақ тұрғынның өзімен бірге алып келе жатқан қапқа көзі түсіп, күмәнданған полицей тексереді. Осы кезде қап ішінен белгісіз аңның жаңа сойылған еті табылып, тәркіленіп алынды. Сараптама тағайындалды.
Тәртіп сақшылары сезікті жас жігіттен жауап алу барысында, ол қаптағы ет арқардың еті екенін, оны ұстаған кезін өз ұялы телефонына түсіріп алғанын жеткізді. Анықталғандай, мал бағып жүрген жас жігіт өзінің иттерімен бірге арқарды ұстап алған. Бұдан кейін аталмыш жануарды сойып алып, қайтып келе жатқанында полицейге ұсталған.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 339-бабы «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға ҚР-ның «Қызыл кітабына» енгізілген сирек кездесетін жануарларға байланысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын қатаң ескертеді.