20 қараша күні елімізде Қазақстан Республикасы президентінің сайлауы өтті. Ел өміріндегі осынау маңызды оқиғаға белсене қатыстық.
Жалпы, бұл – ел өміріндегі тарихи оқиғаның бірі деп айта аламын. Сайлауға неғұрлым дауыс берушілер көбірек қатысса, ол халықаралық қауымдастық алдындағы демократиялық ел ретіндегі беделіміздің арта түсуіне негіз болады. Себебі, ол сайлау мәдениеті болып табылады. Кеше экзит-пулдың мәліметі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген азаматтардың 82 пайызынан астамының даусына ие болды деген хабар келген соң Шымкент қалалық штаб мүшелері сағат 23:00 шамасында жиналып, Қасым-Жомарт Кемелұлын шын жүректен құттықтадық.
Барлығымыздан болашақтан күтеріміз – Президентті сакрализация жасау емес, Мемлекет басшысын ел болашағының, қоғам дамуының, ел азаматтар үшін жасалатын реформалардың кепілі ретінде сену. Қазіргі таңда қоғамда түйткіл тұстар көп екенін халық сезініп отыр. Менің ойымша, осы тұста Президентке сенім артуымыздың үш себебі бар.
Біріншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы ел басына келген уақыттан бастап халық үнін еститін мемлекет орнатуды қолға алды. Қазіргі таңда бізге қажеті де осы.
Екіншіден, билік пен халық арасындағы байланысты орнатып, екі ортада алшақтықтың алдын алып, Президенттің сөзімен айтсақ, инклюзивті қоғам құру үшін баршамыз болып жұмылуымыз керек.
Үшіншіден, қоғам дамуы үшін міндетті түрде реформалар жүзеге асырылуы қажет. Ал қазіргі таңда қолға алынған реформаларды соңына дейін жеткізу үшін уақыт керек. Олар – жер мәселесі, аграрлық мәселе, ірі компаниялардың инвестиция құюы, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпті дамыту және ғылымды жандандыру, жастарға білімнің қолжетімділігін арттыру және жайлы мектептер салу мәселелері. Бұлардың барлығы қазіргі таңда жүзеге асырылуда. Осы ауқымды реформалар берекелі қоғам орнатудың алғашқы шарттары болып саналады.
Сондықтан мен де күні кеше белсенділік танытып, өз таңдауымды жасадым. Әділетті, жемқорлыққа қарсы қоғам құруға сіз бен біз болып атсалыстық. Қазақ тарихындағы Алаш қайраткерлерінің алға қойған мақсаттары ХХІ ғасырда шынтуайтында орнатылып жатса, ол Президенттің алға қойған мақсаттарымен тепе-тең деп ойлаймын.
Дария Қожамжарова,
Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ ректоры