Шымкент қаласында биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында экономиканың барлық негізгі салаларында өсім байқалды. Атап айтқанда, қала әкімдігінің ресми деректері бойынша, биылғы жылдың 10 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 750,3 млрд. теңгеге жеткен. Саладағы нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрады.
Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайызға артқан. Мұндай өсімге негізінен мұнай өңдеу (22,3%), химия өнеркәсібі (29%) және фармацевтика (10,5%) секторларындағы өсімнің нәтижесінде қол жеткізілген. Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру шараларын күшейтуді және ерекше бақылауға алуды, Ұлттық экономика министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға биылғы тамыз айының соңына дейін инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралардың жаңа топтамасын қабылдап, іске асыра бастауды тапсырды.
Сонымен қатар Шымкент қаласында құрылыс жұмыстарының көлемі 150 млрд. теңгені (өсім 38,6 пайыз) құраған. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 599 мың шаршы метрге (өсім 26,2 пайыз) жеткен. Ал, шаһардағы сауда көлемі биылғы жылдың 10 айында 1 триллион 578,3 миллиард теңге болған. Бұл көрсеткіш те өткен жылдың аталған кезеңіндегіден14,8 пайызға артып отыр.
Ресми деректер аталған кезеңде Шымкент қаласының экономикасына тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 403,2 млрд. теңге болғанын көрсетеді. Яғни, бұл көрсеткіш те өткен жылдың тиісті кезеңіндегіден 18,3 пайызға артқан. Инвестицияның көбеюіне көп қабатты тұрғын үй құрылысы, құрал-жабдық сатып алу, ғимараттарды күрделі жөндеу және өндірісті кеңейтуге бағытталған қаржы мөлшерінің артуы себеп болыпты.
«Шымкент келбеті».