20.3 C
Шымкент
Четверг, 19 сентября, 2024
Smarttop.kz

КРЕДИТТЕРДІ КЕШІРУ – КЕШІРІЛМЕЙТІН ҚАТЕЛІК БОЛЫП ШЫҚПАСЫН

Бұған дейін кредиттерді кешіруді талап етіп жүрген тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайды көп адам, оның ішінде экономистер де бар, популистік ұран көтеруші деп жазғырған болатын. Кредитті кешіруді дұрыс емес деп санайтындардың ойынша, кейбіреу кредитін жабу үшін жылдар бойы тырбанып жұмыс істейді, ал кейбіреу жауапкершіліктен қашып кредитін төлемейді және ол үшін неге мемлекет төлеп беруі қажет? Оның үстіне бұл жерде мемлекет ақшасы – халықтың төлеген салығынан жиналған жалпыға ортақ қаржы. Бұл жерде банктердің мұрты қисаймайды. Ал біреулердің жауапкершіліктен қашып несиесін төлемеуі – бюджетке салмақ түсіреді, соның кесірінен бір жерде жол жөнделмей қалуы мүмкін, екінші жерде аурухана салынбайды, ал үшінші жерде оқушылар үш ауысыммен оқуға мәжбүр болады… Бұны әділетті қадам деп айту қиын.

Естеріңізде болса, 2019 жылы Президенттің жарлығымен бір реттік несие рақымшылығы жарияланған болатын. Дәлірек айтқанда, 629 мың қазақстандықтың 300 мың теңгеден аспайтын банк алдындағы қарыздары кешірілген еді. Деректерге қарағанда, бұған 120 миллиард теңгеден артық қаражат жұмсалған. Сонымен қатар, 1,2 миллион азаматтың барлық кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша 33,6 миллиард теңгеге айыппұлдары есептен шығарылған. Бірақ бұл мәселені шешкен жоқ. Несие төлеуге қабілетсіз жандарға сабақ болып, қайта кредитке жоламай кетті деп айта алмаймыз. Керісінше, Ұлттық банк дерегінше несие алушылардың саны артып келеді. Соған қарағанда халықтың жағдайы мүшкілденіп барады немесе кредит алу дағдыға айналды, болмаса адамдарда «тағы да кешірім жасауы ықтимал» деген үміт бар.

Иә, күні кеше тағы да мыңдаған адамның микроқаржы ұйымдарынан алған несиелері кешірілетіні туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Әбдірахманов хабарлады.

Қазан айының басында бір топ депутат микроқаржы ұйымдарына қатысты сауал жолдаған. Проблемалық кредиттерге қатысты мәселе де қозғалды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сәйкес, 1 қыркүйекке дейін микроқаржы ұйымдарында кепілзатсыз берілген тұтынушылық кредиттердің жалпы сомасы 416 миллиард теңгені құраған. Ал қарызға ақша алғандардың саны 1,3 миллион адамға жеткен.

Биыл 8 айдың ішінде кредитті төлеу мерзімі үш айға кешіктірілген қарыздардың үлесі 18,8 процентке өсіп, 71,3 миллиард теңгені құрапты. Ал проблемалық қарыз алушылардың саны 432,2 адамды құрап отыр. Олардың басым бөлігі онлайн кредит рәсімдеген. Жалпы қарыз 40 миллиард теңгеге жеткен.

Қазіргі кезде агенттік проблемалық микрокредиттердің үлесін азайту шараларын атқарып жатыр. Мәселен, 1 қазанға дейін 285,5 мың адамға жеңілдік жасалды. Атап айтқанда, 66,4 мың қарыз алушының 585 миллион теңге көлеміндегі кредиті толығымен немесе ішінара кешірілді. Бұдан бөлек, 756 миллион теңгенің өсімпұлы мен айыппұлы жойылды. Ал 15,3 миллиард теңгенің микрокредиті бойынша қарызды қайта құрылымдау шарасы атқарылды. Соның нәтижесінде 4,8 миллиард теңгенің айыпақысы кешірілді.

Ұқсас ақпараттар

ТҮЛЕКТЕР 30 ТҮП АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ

smarttop

ҚАЛА ӘКІМІ ТІКҰШАҚПЕН СУ БАСУ ҚАУПІ БАР АУМАҚТАРҒА БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗДІ

smarttop

АППАРАТ МӘЖІЛІСІ: ХАЛЫҚПЕН КЕРІ БАЙЛАНЫСТЫ ЖАҚСАРТУ МІНДЕТТЕРІ ЖҮКТЕЛДІ

smarttop

Пікір қалдыру