Шымкенттегі 81 елді-мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған.
Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында ағымдағы жылы барлығы 14 нысанда ішкі жүйелердің және 2 қосалқы электр тарату бекетінің құрылысы жүргізілді.
Соның ішінде, электр қуаты сапасыз 8 елді мекенге сапалы электр қуатын жеткізу жұмысы қарқын алған.
Қазіргі уақытта, Сәуле-276, Жаңаталап, Нұртас елді мекенінде құрылыс жұмысы толық аяқталды. Бүгінде тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу (абоненттеу) жұмысы атқарылуда.
Сонымен қатар, Достық, Тұран, Солтүстік саяжай елді мекендерінде құрылысы аяқталған аумақтарында абоненттеу жұмысы қатар жүруде.
2022 жылдың қорытындысымен, жоғарыда аталған 6 елді мекендегі 43 мыңға жуық адам сапалы электр қуатына қосылуға мүмкіндік алатын болады.
Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 97%-дан — 98%-ға жетеді.
Сондай-ақ, Қайнарбұлақ және Батыс елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2023 жылы толығымен аяқталады.
Ал, Асар-2 (2-кезек) құрылысы да келер жылға өтпелі.
Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласындағы барлық елді-мекендер 2023 жылы 100 % сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Айта кету керек, Қайнарбұлақ тұрғындары табиғи газбен, сапалы электр қуатымен және ауыз сумен қамтылмай жатқандары жөнінде наразылықтарын білдірген болатын. Осыған орай сала мамандары тұрғындардың талабын тыңдап, Қайнарбұлақтың инфрақұрылымы бойынша жоспарланған жұмыстармен таныстырды, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Нақты айтсақ, Қайнарбұлақты электр қуатымен қамту бойынша қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. 2022 жылы құрылыс толығымен аяқталады деп жоспарланған. Нәтижесінде ондағы тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Сондай-ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабын табиғи газ және ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша құрылысты жүргізетін «МПК проект» ЖШС анықталған. Енді 2022 жылы жобаға сараптама қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс беріледі. Құрылыс жұмыстары 2022-2023 жылдары жүргізілмек.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі