Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан ресми деректерге сүйенер болсақ, еліміздегі үшінші мегаполис – Шымкент қаласындағы экологиялық сипаттағы проблемаларды шешіп, атмосфералық ауаның сапасын жақсартып, сол арқылы шаһардағы 1 миллион 100 мыңнан астам халықтың денсаулық жағдайы мен өмір сүру деңгейін жақсарту үшін ведомство жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып арнайы жол картасын әзірлеп шыққан.
Ресми деректерге жүгінер болсақ, бұл жол картасында 29 түрлі бағыт мен нақты іс-шаралар қамтылған. Қазірдің өзінде олардың оны орындалып отыр. Бұл туралы жуырда Шымкентке іссапармен келген ҚР Экология министрі Серікқали Брекешев тұрғындармен кездесуінде айтқан болатын.
– Шымкент қаласының экология ахуалын жақсартуға арналған жол картасында 29 іс-шара қамтылған болса, соның оны орындалды. Мәселен, қоғамдық көліктердің басым көпшілігі газға көшкен. Тұрғындарды табиғи газбен және кәріз жүйесімен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ауаны ең ірі ластаушы болып саналатын
Шымкент мұнай өңдеу зауыты толық модернизациядан өтіп, өндіріске қоршаған ортаны қорғайтын технологиялар енгізілді. Мұның бәрі қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға көмектеседі, — деді С.Брекешов.
Шымкент қаласындағы атмосфералық ауаны ірі ластаушылардың бірі – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай өңдеу зауыты. Бірақ, қазіргі уақытта бұл зауыт толық жаңғыртудан өткен. Атап айтқанда, ауаға бөлінетін зиянды қалдықты тазарту құрылғалары мен сүзгілері жаңартылған. Мұнан басқа да қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені іске асырылған. Мәселен, күкірт өндірісі құрылғысы пайдалануға берілген. Нәтижесінде, бір жағынан, атмосфераға зиянды заттардың шығару деңгейі барынша төмендеген болса, екінші жағынан, өндірілетін өнімнің сапасы артып, ол К-4 және К-5 (Евро-4 және Евро-5 халықаралық стандарттарына балама) халықаралық экологиялық стандарттарына сәйкестендірілген.
Мұнан бөлек жол картасының аясында Шымкент қаласындағы ағаштар мен жасыл екпелерді паспорттау жүргізілді. Яғни, арнайы электронды бағдарлама қаладағы барлық ағаш пен бұтаны қамтып, олардың санын ғана емес, жасын, түрі мен қазіргі қалпын да есепке алып шықты. Енді 2025 жылға дейін жасыл белдеу көлемін 21 544 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін Шымкент қаласының аумағына жалпы саны 6,5 миллион ағаш пен бұта егіледі