Үшінші мегаполисте «Ағаш отырғызу – сауапты іс» атты тал егу акциясы өтті. Шымсая шатқалында өткен сенбілікке қалалық әкімдіктің басқармаларына, оларға қарасты мекемелер мен «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық өкілдігі мүшелері, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының өкілдері мен волонтерлар, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамына енгізілген этнос жастары – жалпы 300-ге жуық адам қатысты. Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішсе, бір адам еккен ағаштың көлеңкесі де көп адамға сая болады. Егілген жеміс ағашының жемістерін тек адам ғана емес, жәндіктер мен құстар да жесе, сауап болады. Осындай сауапты істі жүзеге асыру, ауылдық жерлерді көркейту, жасыл желекке айналдыру мақсатында Күреңбел ауылдық округі тұрғындарының, белсенді азаматтардың бастамасымен, әр жылдары туған азаматтардың қолдауымен ауылға кіреберіс қырдан бастап шырша отырғызу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалып, жазда сая, қыста қамал болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климатты қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.
– Президенттің бастамасымен 2025 жылға дейін Шымкент қаласында жыл сайын 120 мың түп ағаш егілуі қажет. Әрі Шымсая шатқалын жандандыру да басты назарда тұр. Осы шатқалдағы 11 гектар жер «Жасыл белдеу» мекемесіне тиесілі. Жалпы биыл күзде осында 8 378 көшет егу жоспарланған. Бүгінгі сенбілік те соның аясында өткізілуде. Осы акция аясында 4 мыңға жуық терек отырғызылды. Көшеттің барлығы «Жасыл белдеу» мекемесінің тұқымбағынан жеткізілген, – дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Сейтжанов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылға елдегі орман қорында 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін егу ісі қолға алынған.
Жоспар бойынша үшінші мегаполисте 5 қарашадан бастап жаппай ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, нәтижесінде қала аумағына жалпы 160 696 ағаш көшетін егу жоспарланған. Оның ішінде Дендросаябақ аумағына – 5000 көшет, аудан әкімдіктері тарапынан көше бойларына – 35 696 көшет, «Жасыл белдеу» мекемесінің жеріне 120 000 көшет егілмек.
«Шымкент келбеті»
Фото – Серік Қосаев