Бүгін Шымкент қалалық қаржы басқармасының басшылық құрамы БАҚ-ы мен әлеуметтік желілердегі коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіру туралы таралған ақпарат бойынша арнайы брифинг берді.
«Қазіргі таңда, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан қалалық коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіру мәселесіне қатысты ресми ақпарат беруді жөн санадым»,- деген басқарма басшысы Руслан Бақтыбекұлы әкімшілік тарапынан жасалған жұмыстарды БАҚ өкілдеріне ұсынып, мән-жайды түсіндірді.
Атап айтқанда, 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің қаулысына Шымкент қаласының 10 коммуналдық меншік нысаны енгізілді.
Бұл ретте, 10 мемлекеттік заңды тұлға Мемлекеттік мүлік тізілімінен (Gosreestr.kz веб-порталы) алынған және Экономиканы модернизациялау мәселесі бойынша мемлекеттік комиссияның ұсынысымен Жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізілген.
2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысы бекітілгеннен кейін екі күн мерзімде, яғни 2020 жылғы 31 желтоқсанда Ұлттық экономика министрлігіне халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін табиғи монополиялар субъектілеріне жатқызылған 3 коммуналдық меншіктегі кәсіпорынды, яғни халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын «Су құбыры және кәріз басқармасы», қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын «Қуатжылу-орталық-3» және су арналарын тазарту жұмыстарын жүзеге асыратын «Шымкент Сушар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарын Жекешелендірудің кешенді жоспарынан алып тастау бойынша қалалық әкімдік тарапынан бастама ұсыныс берілген.
Сонымен қатар, аталған кәсіпорындарды жекешелендіру көрстілетін қызметтердің сапасының нашарлауы мен тұтынушылар үшін тарифтердің құнының артуына әкелуі мүмкін екенін ескере отырып, Шымкент қаласы әкімінің атынан ҚР Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің атына осы ұйымдарды Кешенді жоспардан алып тастау қажеттілігі туралы 14 рет хат жолданған.
Бұдан бөлек, бұл мәселе Экономиканы модернизациялау мәселесі бойынша мемлекеттік комиссиясының бірнеше отырысында көтерілген болатын.
Шымкент қаласы әкімдігінің ұсыныстарының нәтижесінде Экономиканы модернизациялау мәселесі бойынша мемлекеттік комиссиясының 2022 жылғы 1 тамыздағы отырысында қаланың маңызды 3 нысанын Жекешелендірудің кешенді жоспарынан алып тастау бойынша шешім қабылданды.
Одан кейін 1 күн мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2022 жылғы 2 тамыздағы №523 қаулысымен «Су құбыры және кәріз басқармасы», «Қуатжылу-орталық-3», «Шымкент Сушар» МКК-дары Жекешелендірудің кешенді жоспарынан алынды.
Осы тектес жағдай тек Шымкент қаласында емес, бүкіл республика бойынша орын алған болатын.
Яғни, Республика бойынша жергілікті атқарушы органдарға қарасты халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша 192 ұйым, басқа сала бойынша 7 ұйым Жекешелендірудің кешенді жоспарынан алынды.
Айта кететін мәселе, бұл 3 кәсіпорынды бәсекелестік ортаға беру мақсатында қала әкімдігімен сауда-саттыққа шығару бойынша «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңына сәйкес қаулы қабылданбаған. Сәйкесінше, оларды «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес тәуелсіз бағалаушыны анықтау және бағалау жұмыстары жүргізілмеген.
Шымкент қаласының Ақпараттық- коммуникациялық орталығы