Сондай-ақ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесе Қазақстан бойынша «NeoNomad 2022» гранд-турлары әзірленді. Аталған гранд-турға Шымкент қаласынан «Shym qala» тарихи-мәдени кешені енгізілді. Бүгінде фоторамканың дизайны «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен келісіліп бекітілді. Кешен аумағында республика бойынша бір дизайндағы арнайы фотоспот орналастырылды.
Аталған жобаның-акцияның басты мақсаты: Қазақстан Республикасы ішінде туристер келуге ұсынылатын орындардың тізімін қалыптастыру болып табылады. Туристер өз кезегінде аталған фотоспортарда суретке түсіп (20 нысанда) «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға жолдаса, «Қазіргі Заманғы көшпенді – NeoNomad2022» атағын алады. Сонымен қоса, компания ұсынған заманауи бейнедегі «Kazakhtan» брендтік сағатына ие болады.
Бүгінгі таңда Шымкент Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларымен қатар Қазақстанның МІСЕ туризмінің орталықтарының бірі болуға барлық алғышарттарға ие.
Оған қаланың ыңғайлы географиялық орналасуы, әртүрлі бағыттағы іс-шараларды өткізуге қолайлы инфрақұрылымы, ивент және жарнамалық агенттіктердің болуы жағымды әсер етеді.
Осы ретте, біз қала туризмін дамытудағы басты бағыттардың бірі ретінде – оқиғалы туризмді дамытуды қолға алып отырмыз.
Мәселен, егер бірінші жартыжылдықта «Наурыз» және «Қала күні» сияқты мерекелер аясында «Дәмдәстүр», «Балмұздақ фест» гастрономиялық фестивальдерінен тұратын оқиғалар қатарын қалыптастыруға баса назар аударсақ, ал күзде талантты жастар мен туристік бизнесті қолдау үшін имидждік іс-шаралар құруда үлкен жоспарларымыз бар. Осы кезеңде «Мобилография» фестивалін, «Shymkent Tourism Awards» конкурсын, цитадельде лазерлік шоу, қолөнершілерді қолдау аясында «Этно Шымкент» фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз.
Бұдан басқа, өңірдің туристік әлеуетін танымал ету және ілгерілету үшін Қазақстанның және басқа елдердің туроператорлары, БАҚ және блогерлері үшін ақпараттық тур ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар, көктем мезгілінде «National Geographic Kazakhstan» компаниясымен бірлесе экспедиция, «Қазақстан Мотофедерациясымен» бірлесе мото маусымының ашылуы, «Мобильді арбат» секілді іс-шаралар өтті.
Маусым айында «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының бастамасымен және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қолдауымен түркітілдес мемлекеттердің туристік орталықтарының тұңғыш конференциясы өтті. Аталған шараға Өзбекстан Республикасының Туризм министрлігі мен өңірлік туризм департаменттері, Қазақстанның 7 өңірінің туристік орталықтарының басшылары мен онлайн режимде Қырғызстан, Әзірбайжан және Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысты.