Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асылбеков Нұрлыбек ардагерлермен кездесті. Қаланың бас дәрігерімен кездесуге шақырылған қонақтар медицина саласының дамуына үлес қосқан ардагерлер.
Кездесу барысында сөз алған басқарма басшысы халық саулығын жақсартуда ардагерлеріміздің ақыл-кеңестері мен ой-пікірлерінің өте маңыздылығын атап өтіп, басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
“ Сіздермен кездесу біз үшін маңызды. Еңбектеріңізді ерекше құрмет тұтамын! Қалада денсаулық сақтау саласын жақсартуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде стационарлық деңгейде 15 мемлекеттік аурухана 3533 төсек орында және 25 жеке меншік аурухана 788 төсек орында қызмет көрсетуде.2022 жылы балалар үшін онкогематология, нефрология, интервенциялық кардиология, стоматология бөлімшелер ашылды. Жыл соңына дейін ерекше балаларға арналған ерте араласу және дамыту орталығын, офтальмология бөлімшесін ашу жоспарланды.
2022 жылы ересектер үшін эндокринология, онкогематология, нейрохирургия бөлімшелер ашылды. Жыл соңына дейін қосымша эндокринология, гастро-гепатологиялық және дермато-венерологиялық бөлімшелерін ашу жоспарланды”-деді басқарма басшысы.
Денсаулық сақтау саласының ардагерлері басқарма басшысының есебіне оң баға беріп, қызметіне табыс тіледі. Сондай-ақ, өздерін толғандырып жүрген мәселелерге тоқталды.
“Халық денсаулығы басты байлығымыз. Басқармаға жүктелген міндет ауыр. Жұмыстың табысты болуына тілектеспіз. Біз сияқты ардагерлердің басын қосып, жұмысты талқылағаныңа ерекше алғыс білдереміз”-дейді ардагерлер.
Кездесу барысында ардагерлер түрлі мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Жиын соңында денсаулық сақтау басқармасы жанынан ардагерлер кеңесін құру жоспарланды.