16.3 C
Шымкент
Пятница, 20 сентября, 2024
Smarttop.kz

ЕЛБАСЫ ЖОҚ…

13 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңын қабылдады.

Аталған заңға Мәжілістің бір топ депутаты бастамашы болды. Заң жобасын қарау Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен екі оқылымда өтті.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров баяндамасында 2022 жылы өткен жалпыхалықтық референдумда қазақстандықтардың 77 пайызы Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдап, дауыс бергенін еске салды. Ата заңға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды.

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы аталған мәселеге қатысты Конституциялық Сотқа жүгінді. Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы мәртебесі» жөніндегі  заңның еліміздің  жаңа Ата-Заңына  сәйкес келмейтіндігі жөнінде шешім шығарды», – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Сондай-ақ Е.Саиров Қазақстанның демократия мен плюрализмге бет алып, түбегейлі саяси трансформация кезеңінде жеке топтардың билікті меншіктеуге апаратын тетіктерге жол бермеу маңызды екенін атап өтті.

Отырыс барысында Парламент Мәжілісі мен Сенатының Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеттерінің төрағалары Арман Қожахметов пен Владимир Волков қосымша баяндама жасады.

Айта кетейік, 2023 жылғы 10 қаңтарда Конституциялық Сот қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңды сақтауға құқықтық негіздер жоқ екенін мойындай отырып, Конституциядан 46-баптың 4-тармағын және өзге де нормаларды алып тастау туралы нормативтік қаулы қабылдаған болатын. Осыған байланысты аталған заңның күші жойылды.

Бірақ, Назарбаевтың өзі де, билік басындағылар да бұл шешімді мойындамайтын сияқты. Ресми сайтта әлі де Елбасыға сілтеме жасалады. Елбасының сайты да істеп тұр. Онда Елбасы туралы мынадай мәлімет берілген:

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – 1991 жылдың 1 желтоқсанында бірінші бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Елбасы. Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасы ел өміріндегі тұтас дәуірді белгілейді.

Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғырту миссиясы қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Оның тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін темірқазықтай жол сілтеп тұрады.

Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалыптастыруды дәл осы азаматқа сеніп тапсырды. Уақыт осынау маңызды таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді.

Оның шынайы егемендіктің негізін қалауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі ел дамуының басымдықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы қызметінің мазмұны мен мәні Қазақстанның Тұңғыш Президентін қазіргі мемлекеттігіміздің негізін қалаушы әрі ұлттың нағыз көшбасшысы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи феномені ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестіріп, әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атауға ие болған жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыра алуымен ерекшеленеді.

Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жоспарлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Ұлт көшбасшысының мұндай прагматикалық ұстанымы отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміздің мемлекет құрып, таңғаларлық нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды әрі жүйелі реформалардың арқасында дүниежүзі «Қазақстанның кереметі» жөнінде айта бастады. Әрине, мұны жасаған да, авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы ойластырған саясат пен оның көшбасшылық сипаты Қазақстан экономикасын әлем бойынша экономикасы ең тез дамыған елдердің бірінің дәрежесіне жеткізді. Тұңғыш Президенттің жеке үлесі және халықтың қуатты қолдауының арқасында әлемдік қауымдастықта «Қазақстандық даму моделі» кеңінен таралды. Бұл модель терең ойластырылған бағыт бойынша біртіндеп және сенімді дамуға негізделеді».

Осындай. Арғы жағын өздеріңізге салдық…

Ұқсас ақпараттар

ЖОЛДАУДАҒЫ БАСЫМ БАҒЫТТАРДЫ ТҮСІНДІРДІ

smarttop

«Денсаулыққа қарай 10 000 қадам»: полицейлер, депутаттар мен еріктілер спорттық марафонға қатысты

smarttop

Полицейлер қару өткізген тұрғындарға тексеру жүргізді

smarttop

Пікір қалдыру