Бүгін ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастаған министр, ОҚМПУ оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Жиында білім сапасын арттыру, ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
– 2025 жылға дейін елімізде «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 401 мектеп салу жоспарымызда бар. Білім ұялары әлемдік үлгідегі озық мектептердің деңгейінде болады. Сонымен қатар, 7000 мектепке жаңарту-жасақтау жоспарда. Ауыл мектептерінің мәртебесін көтеру, материалдық жағдайын қала мектебінен кем етпеу де – басты назарда. Осы мақсатта биылдан бастап ауыл мектептерінің оқушыларына арнайы республикалық олимпиада ұйымдастырамыз, – деді Ғани Бектайұлы.
Жиын соңында студенттер мен ұстаздардың сауалдарына жауап берген министр, бәсекеге қабілетті педагог маман даярлау жоғары оқу орындарының негізгі мақсаты болу керектігін атап өтті.
Сапар барысында министр Шымкент қаласы Полиция департаментінің «Жедел басқару» орталығының жұмысымен танысты. Қала мектептеріне орнатылған дабыл түймелері, турникет, лицензияланған күзетпен жарақтандыру және ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерінің жұмыстарын бағамдады.
– Шымкент қаласына сапарымның басты мақсаты – білім саласында атқарылған жұмыстарды өз көзіммен көру. Қаладағы білім мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі, білім беру және тәрбие мәселесі бойынша кездесу ұйымдастырып, ашық пікірлескіміз келеді. Сапар аясында қала әкімімен білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған аймақтық Жол картасын қабылдаймыз, – деді министр.
Жұмыс сапары кезінде Ғани Бектайұлы №65 мектеп-гимназиясының қосымша жүріп жатқан құрылысымен танысты. 2022 жылдың наурыз айында басталған 600 оқушыға лайықталған ғимараттың құрылысын осы жылы аяқталады деп жоспарланған.