Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №1 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы 1957 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда орталықта 70 бала тәрбиеленуде.
Орталықта тәрбиеленушілерге жан-жақты сапалы білім және саналы тәрбие алуына жағдай жасалынған. Мекеменің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Компьютерлік, лингафондық-мультимедиялық кабинеттермен жасақталған орталықта балалар үшін жатын және ойын бөлмелері, 200 орындық асхана, дене шынықтыру залы, медициналық блок қажетті құрылғылармен қамтылған.
Орталықта тәрбиеленушілердің өмір сүруі мен жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, отбасына ұқсас үлгіде тәрбие беру және дербес өмірге дайындау — басты мақсатымыз, дейді мекеме өкілдері. Балаларды ән-биге, қолөнерге, аспаздыққа, тігін тігуге бейімдейтін үйірмелер мен түрлі спорттық секциялар, клубтар осыған дәлел. Мұнда қазір «Жас информатик» клубы жұмыс істейді. Балалар шығармашылық клубта ІТ саласының қыр-сырын меңгереді.
Тәрбиленушілердің болашақта тұрғын үймен қамту мәселесі де басты назарға алынған. Қазіргінің өзінде асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, «Отбасы Банкінен» 70 тәрбиеленушіге жеке есеп шоттар ашылған.
Айта кетейік, 2019 жылдан бері Шымкент қаласы соттарының судьялары әр 3 айдың бір күндік жалақысын тәрбиеленушілердің жеке есеп шоттарына аударып келеді.