Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Шымкент
қаласы бойынша департаментінің басшысы Бахтияр Өнербаев 2022 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Департамент басшысының дерегінше, Шымкентте зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 184 600 адамды құрайды. Мекеме азаматтарға мемлекеттік қызметтің 13 түрін көрсетеді.
–Өткен жылы 166 398 адамға зейнетақы мен жәрдемақы төлемі тағайындалды. Оның ішінде, 80 044 адамға жаңадан тағайындалса, 86 354 азаматқа әлеуметтік төлем қайта қаралған. Сонымен бірге, 31 азаматтың өтінімі кері қайтарылып, 2166 тұлғаға мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлем төлеуден бас тартылды, — деді департамент басшысы.
Бүгінде қалада 39 299 мүгедектігі бар адам тіркелген. Бұл қала халқының 3,3 пайызын құрайды. Оның ішінде І топ мүгедектігі бойынша –3 804 адам, ІІ топ – 15 197 және ІІІ топта – 12 750, ерекше күтімді қажет ететін 7 478 бала бар.
2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық жоба негізінде қызмет көрсетудің жаңа форматы енгізілді. Науқастар аталған мекемеге бармай-ақ, емхана дәрігерлері құжаттарды электронды жүйе арқылы жөнелтеді. Департаменттің медициналық экспертиза мамандары құжаттарды мұқият қарап, мүгедектікті сырттай куәландырады. Мұндай жаңа формат сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, науқастарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр. Өткен жылдың өзінде департаментте 13 қызметтің 9-ы осы цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылыпты.