0.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

САЙЛАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ ЕЛДІ ДЕМОКРАТИЯЛАНУҒА БАСТАЙДЫ

Санаулы күндерден соң елімізде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын аса маңызды саяси науқан. Сондықтан әрбір сайлаушы ел тағдырына жауапты екенін сезіне отырып, сайлауға белсенді түрде қатысуы тиіс.
Қазақстан бұл жолғы сайлауға ерекше дайындықпен келді. Бұл сайлауды елімізде соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалардың іс жүзінде қолданысқа енгізілетін тұсы деп айтуға болады. Өйткені, саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын арттыру болса, бұл сайлау үдерісі арқылы жүзеге асады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің сайлау жүйесіне өзгерістер енгізілетінін айтқан еді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын аралас жүйе арқылы өткізуді ұсынды.
Қазақстанда осыдан 16 жылдай бұрын конституциялық реформа жүргізіліп, Мәжіліс депутаттары пропорционалды жүйемен сайланатын болып шешім қабылданған еді. Кейінірек мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайлана бастады. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін бергенімен, кері тұстары да байқалғанын жеткізді.
Президент өз сөзінде: «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», — деген еді.
Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылы еліміздің сайлау заңнамасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес бұдан кейін Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы – пропорционалдық, ал, 30 пайызы – мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болды. Яғни, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, қалған 30 пайызы бір мандаттық округ бойынша сайланады. Бір мандаттық округтер бойынша азаматтар өзін-өзі кандидат ретінде ұсыну мүмкіндігіне ие.
Дәл сол секілді облыстар мен республикалық маңызға ие қалалардың мәслихат депутаттарының 50 пайызы, ал, аудандық және облыстық маңызға ие қалалардың мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделді, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады. Сонымен қатар пропорционалды жүйенің де сақталып қалуы саяси партиялардың рөлін жоғалтпай, еліміздегі саяси институттардың дамуына да мүмкіндік береді. Жалпы, елдегі сайлау жүйесінің дамуы саяси жүйенің түбегейлі жаңғыруына және қоғамды демократияландыруға жол ашатыны анық.
Қайырбек ҚҰНАНБАЕВ,
Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

Ұқсас ақпараттар

ЛЮДИ — главная ценность страны

smarttop

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

smarttop

Түркістан облысында ер адамды бопсалаған жас жігіт 3 жылға сотталды

smarttop

Пікір қалдыру