Шымкент қалалық мемлекеттік архиві жылына 6500-ге жуық құжатты сақтауға қабылдайды. Қазіргі таңда мекеменің қорында 191 967 сақтау бірлігі (шамамен 32 млн парақ құжат) сақталуда. Оның 7752-і басқарушылық құжат, 183 883-і жеке құрам құжаты, 95-і жеке тектік құжат, фотоқұжаттар жән 34 бейнеқұжат бар.
Аталған құжаттар кезең-кезеңімен цифрлы жүйеге ауыстырылып жатыр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік сақтауда тұрған архивтік құжаттарды цифрландыру бойынша бірінші кезекте тұрақты сақталатын және жиі сұранысқа ие болатын құжаттар цифрлы форматқа көшірілуде. Бұл мақсатта 4 дана планетарлық сканер орнатылған.Бағдарламаның негізгі мақсаты – орта мерзімді перспективада цифрлы технологияларды пайдалану арқылы республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан экономикасын болашақтың цифрлы экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму жолына көшіру үшін жағдай жасау.Бағдарлама шеңберінде виртуалды мұражайлар, мұрағаттар желісін құру және барлық музейлік, архивтік қорларды, концерттердің, пьесалардың жазбаларын, материалдық және материалдық емес тарихи және мәдени мұраның маңызды элементтерін электронды форматқа аудару жоспарлануда. Ақпаратқа қол жеткізуді жаңа бірыңғай электронды порталын құру арқылы қамтамасыз етуге болады, ол еліміздің мәдени өмірін бір танымал ресурсқа аударуға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстанның әлемдік кеңістіктегі мәдениеті мен өнерін алға жылжытудың және оны кең танымал ету мүмкіндіктерінің ең қолжетімді форматы.
Биыл мемлекеттік сақтауда тұрған архивтік құжаттарды цифрландыру бойынша 576 000 парақ құжат жоспарланып, жыл басынан бері архивтік құжаттардың 129 782 парақ саны цифрлы таңбаға көшірілген.
Айта кетейік, Мекеме жыл басынан бері «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметіне қатысты 1702 сұранысты орындаған.