«Елімізде 49 оңалту орталығы ерекше балалардың емінде маңызды рөл атқарып келеді. Оның ішінде мемлекеттік оңалту орталықтарынан бөлек, «Қамқорлық» бастамасының аясында ашылған 22 оңалту және ерте араласу орталықтары бар». Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова Шымкент қалалық №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің салтанатты жиынында мәлімдеді.
Бүгін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. Салтанатты жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры М.Ембергенова, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Б.Жәмішев, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі Басқарушы директоры Ғ.Ауғанов, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, «Қамқорлық» КҚ директоры А.Еркінова қатысты.
— №2 оңалту орталығы ұзақ жылдардан бері балалардың денсаулығын жақсартуға атсалысып, оңалту ісімен айналысып келе жатқан ұйым. Ғимарат өткен жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бүгін ерте араласу бөлімшесі ашылып отыр. Оған «Samruk-Kazyna Trust» қоры да атсалысты. Осы оңалту орталығында кешенді ем алуға жағдай жасап отырған демеушілерге алғыс білдіреміз, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Игі іс «Қамқорлық» корпоративтік қорының «Қамқорлық» бастамасы аясында «Қазақстан халқына» қоры, Нұрсұлтан Назарбаев қоры және «Samruk-Kazyna Trust» қорының атсалысуымен жүзеге асып отыр.
— Шымкенттегі «Қамқорлық» ерте араласу орталығы елімізде биыл ашылатын 13 орталықтың алғашқысы болып отыр. Жыл соңына дейін Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында ашылады. «Қазақстан халқына» қоры өз алдына мұндай орталықты аша алмас еді. Себебі, мұндай оңалту орталықты құру шаралары өте ауқымды. Бұл тұста орталықты ашуға мүмкіндік беріп, ғимарат ұсынып, құжаттық жағынан атсалысқан Шымкент қаласы әкімдігіне алғыс білдіреміз. Сондай-ақ, осындай игі істің басы қасында жүріп, үйлестіріп, жұмыстың басым бөлігін өз жауапкершілігіне алған серіктесіміз «Қамқорлық» қоры жұмысының маңыздылығын атап өткен жөн. Еліміздің Үкіметі, Денсаулық сақтау министрлігі, барлығы дерлік атсалысып отыр. Бұл игі іс еліміздегі ерекше балалардың денсаулығын жақсартуды көздейді, — деді «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Болат Жәмішевтің айтуынша, биыл ашылатын 13 орталыққа келер жылы тағы 6 орталық қосылмақ. Бүгінде «Қамқорлық» қорымен бірлесіп, келер жылы ашылатын орталықтардың құжаты реттелуде.
— Елімізде жүз мыңнан астам оңалтуға мұқтаж бала бар. Олардың әрқайсысы үшін оңалту емінің маңызы зор. Халықаралық сарапшылар балалар оңалту емін ерте кезеңнен бастаса, олардың денсаулығы 60-80 пайызға жақсара түсетінін айтып жүр. Сондықтан осындай оңалту емінде ерте араласу орталықтарының жұмысын үйлестіру — елімізде ерекше басымдыққа ие, басты назардағы іс. «Қамқорлық» корпоративтік қорының «Қамқорлық» бастамасының аясында «Қазақстан халқына» қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен екі жыл ішінде 15 оңалту орталығы мен 7 ерте араласу орталығы ашылды. Биыл 10 мыңнан астам баланы ерте жастан оңалтуға бағытталған тағы 13 орталық ашу жоспарланған, — деді Мағрипа Хамитқызы.
Шымкент қалалық №2 оңалту орталығының бас дәрігері Айгүл Сапарғалиеваның айтуынша, орталық бүгінге дейін неврологиялық, ортопедиялық және кардиологиялық патологиялары бар 18 жасқа дейінгі балаларға оңалту емін жүргізіп келген. Жыл сайын 1500 бала 100 төсек орынды орталықта стационарлық үлгіде ем алған. Енді оған қосымша «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің көмегімен 3 айлық сәбиден 3 жасқа дейінгі бөбектер ем ала алады. Неврологиялық диагноздармен, церебральды сал ауруы, Даун синдромы және мидың басқа зақымданулары бар балаларды амбулаторлық үлгіде қабылдауды жоспарланған. Яғни, бөлімше бір мезетте 50 балаға дейін қызмет көрсете алады. Бұл бір жылда 600 балаға оңалту курсынын өтуге мүмкіндік бермек. Бір курс 21 күнтізбелік күнді құрайды.
Салтанатты жиын барысында қаламыздың оңалту орталықтарында тұрақты түрде ем алып жүрген бүлдіршіндер өнерлерін паш етті. Одан соң, Шымкент қаласының әкімі мен қор өкілдері ерте араласу орталығын аралады. Емдік дене шынықтыру залындағы «Бобот» функционалды кушеткасы, емдеуге арналған әртүрлі жұмсақ төсеніштер, валиктер, бұрыштар, «иппотренажер», «Мотомед» тренажері, «Атлант» пневмо-костюмдері, «Корвит» аппаратының қызметімен танысты. Сондай-ақ, су емдеу жабдығы – «Посейдон» құрғақ флоатинг ваннасы, тұзбен емдеу, шунгитті емдеу бөлмелерін және эрготерапевт кабинетінің жабдықталуын көрді.
Жиын соңында орталықта оңалту емін алып жүрген бүлдіршіндер арман-тілектері жазылған шарларды ашық аспанға ұшырып, демеушілермен естелікке суретке түсті.
Айта кетейік, «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің мамандары Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
«Шымкент келбеті»
Фото Серік Қосаев