Бүгін қасиетті Рамазан айына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақордада және еліміздің барлық өңірлерінде ауызашар өткізілді. Шымкент қаласындағы ауызашар дастарханына шаһардың зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, ғалымдар, өнерпаздар мен мәдениет саласының мамандары, танымал спортшылар мен әртүрлі салада қызмет атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдары қатысты.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов көпшілікті қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Қала әкімі өз сөзінде Рамазан – күллі мұсылмандар үшін ерекше маңызға ие қасиетті ай екенін, бұл айда Исламның ең басты құндылықтары – жақсылық пен мейірімділікті, ізгілік пен сабырлылық дәріптелетінін атап өтті. Бұл құндылықтар еліміздің бірлігін бекемдей түсуге және жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке баули отырып тәрбиелеуге оң ықпал ететіні айтылды. Биыл қасиетті Рамазан айы шілденің ми қайнатқан шіліңгір ыстығында келгенімен оразаны ұстаушылардың қатары көбеймесе азайған емес. Әсіресе, мұсылманның парызын орындауға жастар ынталы. Сондай-ақ, қасиетті айда қайырымдылық танытуға, игілікті шаралар атқаруға ынталылар қатары да арта түсуде. Рамазан айында шамасы келгендердің жыл сайы атқаратын сауабы мол шараларының бірі ораза ұстаған жандардың аузын аштыру екені белгілі. Бұл сауапты істен аудан әкімі де қалыс қалмай, әр жылы Рамазан айында жамағатты жинап, ауызашар беріп келеді.
Айта кетейік, Шымкент қаласының әкімдігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігімен бірлесе отырып жыл сайын мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуді ұйымдастырып келеді. Бұл игі шара биыл да жалғасын тапты. Шаһар басшысы осынау қасиетті айда сауапты іске атсалысып, қайырымдылық жасаған азаматтарға алғыс айтты.
«Шымкент келбеті»