4.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

ТҮРКІСТАНДА МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ САҚТАУ ЖӨНІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгеніне биыл 20 жыл толды. Осыған орай, облыс орталығында «Әлемдік мәдени мұраларды қорғау, сақтау және басқару» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. 17-18 сәуір күндері ұйымдастырылған ауқымды шараға отандық және шетелдік, атап айтқанда Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан елдерінің тарих, реставрация, сәулет өнері, мәдениеттану салалары бойынша маман-ғалымдары, тарихи-мәдени мұраларды қорғау өкілдері, қорық және тарихи-өлкетану музейлері мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
Халықаралық жиында әлемдік мұра объектілеріндегі қалпына келтіру және басқару, оқу орындарында реставраторларды даярлау, менеджмент жоспарды әзірлеу және қолдану, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтауға бағытталған озық технологияларды қолдану, диагностикалық-мониторингтік зерттеулер, соңғы заманауи цифрлық құрылғыларды пайдалану, Қазақстандағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау туралы тақырыптар аясында талқылаулар жүргізіліп, өзекті мәселелер сараланды.
Конференцияда сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Орта Азия мен Қазақстан бойынша теңдесі жоқ кесенені қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, сақтау және асыл жауһарымызды бүкіл әлемге насихаттау – бүгінгі конференция аясында ғана емес, үнемі қозғалатын тақырып. Бұл бағытта осыған дейін де бірқатар жұмыс атқарылып, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізілді. Еліміздің рухани астанасына жасаған сапарларыңыз сәтті болсын. Мәдени мұраны қорғауды мақсат еткен ғалымдар мен мамандар тарихтың терең зерттелуіне, ескерткіштерді жанашырлықпен қорғауға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз. Аталған бағыттағы шаралар біркүндік емес, тұрақты негізде жалғасын табатын жоспарға айналуы керек. Биыл Түркістан облысының құрылуына 5 жыл толып отыр. Тиісінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанға тарихи және рухани елорда статусын беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы статус берілгеннен кейін де мәдени мұраларды зерттеу және қорғау жұмыстары күшейтіле түседі. Түркі әлемі ғалымдарының Түркістанды зерттеуге ерекше көңіл бөлуі бізді қуантады. Сондықтан барлық бағытта бірлесіп жұмыс атқаруға дайынбыз, – деді Бейсен Тәжібаев.
600 жылдық тарихы бар және ғажап сәулеті туындысы ретінде күллі мұсылман қауымы үшін киелі орын саналатын алып кесененің тұрақты түрде сақталуы мен қорғалу жағдайы үнемі мемлекет бақылауында.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Түркістан облысына жасаған сапарында Қ.А.Ясауи кесенесінің жай-күйімен танысып, ескерткіштің сақталуын қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Нәтижесінде, әр саланың білікті мамандарынан құралған жұмыс тобы техникалық жағдайын зерделеген.
Конференцияның ұйымдастырушысы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитетіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК-нің мәлімдеуінше, 2023 жылдың 28 наурызында ҚР Үкімет төрағасының орынбасары А.Көлгіновтың төрағалығымен осы бағытта отырыс өткізілген. Онда кесенені кешенді зерттеу және техникалық жай-күйін жақсарту жоспары аясында нақты жұмыстар жүргізілетін болып белгіленді.

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТ: БИЫЛ «ҚАРАТӨБЕ» МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖАҢАДАН САЛЫНАДЫ

smarttop

ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСҚА ЖОЛ БЕРГЕНДЕР ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ

smarttop

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛІП ЖАТЫР

smarttop

Пікір қалдыру