Биыл Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 201,7 шақырымды құрайтын 253 көше орташа жөндеуден өтеді. Олардың 24-і магистралды көшелер. Сонымен қатар жыл соңына дейін 140,6 шақырым жолда құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 71,2 пайызға жеткізу жоспарлануда. Басты себебі – инженерлік жүйелердің жүрмеуі. Сондай жерлерге газ және су жүргеннен кейін барып, асфальт салынады. Біз картаға қарап, ең алдымен әр шағынауданның басты көшелеріне асфальт төсеуге тырысамыз. «Неге?» деген сұрақ туындайды, өйткені сол көшелермен қоғамдық көлік жүреді. Екіншіден, сол көшелерге кәріз жүйесі салынды ма, су, газ жүргізілді ма? Міне, соған қараймыз. Өйткені асфальт сол коммуналды инфрақұрылым жүргізілген соң төселуі керек. Асфальт бірінші түссе, онда сол жолды қайта қазуға тура келеді. Сондықтан да бірінші осындай жұмыстары жүргізілген көшелерді жөндейміз. Сондай принциппен жұмыс істейміз. Шымкент қаласына 40-тан аса елдімекен қосылып, қала аумағы едәуір ұлғайды. Енді бұдан артық басқа елдімекендер қосылмайтын шығар. Қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылуда. Биыл Д.Қонаев даңғылы жалғасының 2-ші және 5-ші кезеңдері, А-2 айналма жолының 2-ші және 4-ші кезеңдері, Өтегенов көшесінің жалғасы, Адырбеков көшесін қайта құру және Бәйдібек би-Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрық құрылысы аяқталады. Жалпы, бүгінде мегаполис аумағына кіретін жолдардың ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2 066,1 шақырымы асфальттелген, қалғаны шағал тас төселген жолдар. Қаланың кешенді даму жоспарына сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында 441,2 шақырымды құрайтын 466 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі