Шымкент көшелерінде ерекше орындықтар пайда болды. Бұл қызықты, әрі креативті жобаны қолға алған Шымкент қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі. Аталған кітапханалар жүйесіне қарасты №1кітапхана филиалының ауласында электронды кітаптар сөресі бейнеленген орындықтар қойылды.
Бұл орындықтарда қазақтың ақиық ақын, жазушыларының шығармалары, сондай-ақ әлемдік бестселлер кітаптарының мұқабасы суреттелген.Көшедегі кітап сөресі қала тұрғындарын кітап оқуға бағыттаумен бірге, жауапкершілік, адалдық, тазалық секілді қасиеттерді де қалыптастырады. Өйткені кітап сөресі бақылаусыз, ашық алаңда орналасқан. Кітап сөресіне QR қосымшасы да орнатылған. Кітапсүйер қауым бұл қосымша арқылы кітапхана туралы және ондағы әдеби шығармалар мен авторлар туралы мәліметке қанық болады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бүгінде Қаратау ауданында жүзеге асқан бастама алдағы уақытта қаланың басқа аудандары мен гүлзарында жалғасады.
Бір қызығы әр орындыққа ерекше атау беріліпті. Мәселен, “Оқы. Таны. Талқыла” атты орындыққа Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», «Өліара», «Оң қол», «Ақиқат» атты көркем дүниелері қойылса, «Мәдениеттің мәйегі – кітап» орындығына жазушы Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан», Ә. Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар, М.Әбдәкімұлының «Сүлеймен қарақшы», С.Көбеевтің » Қалың мал» романдарын QR код арқылы электронды нұсқасын смарттелефон арқылы оқи аласыз.
Жалпы «Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 24 кітапхана мемлекеттік бюджетке қарайды. Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты 1 – Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, 23 – кітапхана бөлімшелері оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі