Бүгінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты “Қамқорлық” №8 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болып отыр. Оңалту орталығына арнайы іссапармен Павлодар және Жамбыл облыстарының әлеуметтік сала басшылары келді. Павлодар, Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басшыларының орынбасарлары мен оңалту орталығының өкілдері сапар барысында шымкенттік әріптестерінің жұмыс тәжірибесімен танысты. Алдағы уақытта «Қамқорлық» орталығының емдік оңалту шаралары мен әдістемелерін өз өңірлерінде жүзеге асыруды көздеп отыр. 110 орындық мекеме жартылай стационарлық негізде қызмет көрсетеді. Заманауи үлгіде жабдықталған орталық қосымша білім беру және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, интерактивті, сенсорлық бөлме, робототехника лего кабинеті, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханаларымен қамтамасыз етілген. Балалар арнайы педагог мамандарының бақылауында болып, медициналық тексеруден өтеді.
Қозғалыс бұзылуларынан басқа, церебралды сал ауруымен сөйлеу және психикалық дамудың патологиясы да байқалуы мүмкін. Алайда, церебралды сал ауруымен ауыратын көптеген балалар қалыпты интеллектуалды және сөйлеу қабілетіне ие екенін атап өткен жөн.
Біздің «Қамқорлық» оңалту орталығында мамандар әр балаға аурудың ерекшеліктерін ескере отырып, қалпына келтіру емінің жеке бағдарламасын жасайды. Оңалту үшін қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологиялары қолданылады, оңалтудың арнайы техникалық құралдары, тренажерлер, аппараттар мен аппараттық-бағдарламалық кешендер қолданылады.
«Біздің Орталық Қазақстан үшін инновациялық орталық болып табылады. Онда нейро-ортопедиялық аурулары бар, оның ішінде церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың әлемдік үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері енгізілген. Бізде кішкентай пациенттерді емдеуге көп салалы тәсіл қолданылады. Балалармен жоғары білікті невропатологтар мен реабилитологтардан басқа психологтар, дефекторлар айналысады. Сонымен қатар механотерапия жүргізіледі, бізде тұз шахтасы, шунгит бөлмесі бар» — деді директор Әсел Хабдулкамаловна Шаймердинова берген сұхбатында.
Артикуляциялық аппаратында бұзылыстары бар балаларға логомассаж тағайындалды. Қызмет алушылармен сондай-ақ аптасына 2 күннен жеке жұмыс жүргізіледі. Білікті мамандар сөйлеу тілінің жалпы дамуында бұзылыстары бар балалармен түзету-дамыту шараларын жүргізеді. Бүгінгі таңда 18 педагог «АВА – терапевтерді даярлау» курсынан, 36 педагог қызметкер «АВА – терапияға кіріспе» курсынан өтіп, сертификатпен қамтамасыз етілген. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі