Бүгін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ІV сессиясы өтті. «Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі» деген тақырыппен ұйымдастырылған басқосуға Шымкент қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Мұрат Әйтенов қатысты.
—Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырып отырған түрлі этнос өкілдері Шымкент қаласының дамуына үлес қосып келеді. Атап айтқанда, Ассамблея мүшелері этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру және этномедиация саласында ауқымды жұмыс ақтарып жатыр. Сонымен қатар Ассамблея жанындағы этномәдени бірлестіктер қала экономикасына шетелдік инвестиция тартуға да көмектесіп келеді. Бүгінгі таңда осындай ынтымақтастықтың нәтижесінде Шымкент 15 бірлескен инвестициялық жоба сәтті іске асты, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өтті. Ассамблея Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың жетекшілігімен өткен алқалы жиында алда атқарар жұмыс бағыттары нақтыланып, мемлекеттік органдар мен салалық құрылымдарға тиісті міндеттер жүктелді. Бүгінгі сессияда біз берілген тапсырмаларды қала аумағында іске асыруды пысықтап, атқарылар жұмыс жайын бағамдаймыз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сессия барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының сәуір айында өткен ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттерді Шымкент қаласының аумағында жүзеге асыру мәселесі талқыланды.
Алқалы жиында Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Роза Пак, ОҚМПУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ағапаша Құрбанов, белгілі дінтанушы ғалым Дәлелхан Оспанов және өзгелер сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
«Шымкент келбеті»