Жаңа оқу жылында мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу ғимаратымен қуанту мақсатында қаладағы №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясына қосымша жапсаржай салынуда. Қазіргі уақытта 1251 орынға арналған №65 мектепте 3567 оқушы білім алуда. 600 орынға арналған қосымша оқу корпусын салудағы негізгі міндет — оқудың 1-сатысындағы оқушылар үшін оқу орындарының санын көбейту. Сайрам шағын ауданында орналасқан жаңа оқу ғимаратының құрылысы қалай жүріп жатыр? Осы сұрақты алға тартқан қала әкім Мұрат Әйтенов нысан басында болып, құрылыстың жай-күйімен танысты. Жалпы алаңы 5 мың шаршы метрді құрайтын құрылыс жұмысы кестеге сай жүргізіліп жатыр, Ғимарат үш қабатты, 2 блоктан тұрады, мұнда 0-4 сынып оқушылары оқытылады деп күтілуде. Қазіргі таңда қалада үш ауысымды 4 білім ошағы бар. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін ғимараттар есебінен бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Қала басшысы жауаптыларға салынатын ғимараттардың сапасын, өндірістік кестеге сай аяқталуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс жүргізілетін аумақтарды тиісті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамассыз ету, ғимараттардың барлық талаптарға сай жабдықталуы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Соңғы екі жылда мегаполисте жеке инвесторлар тарапынан жан басына қаржыландыру есебінен 50 мектеп салынды. Яғни, білім ордалары 21 300 орынмен толықты. Алдағы уақытта тағы да 25 мектеп салуға ұсыныс берілген. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал, сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі 2025 жылы шешіледі деп жоспарланып отыр. Жалпы, Шымкент қаласында жаңа білім ордасынан бөлек, мектептерге қосымша корпустар да салынып жатыр. Еске сала кетейік, алдағы үш жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 504 мектеп салу жоспарланған. Олардың құрылысына 2,6 млрд теңге бөлінуі мүмкін.
Жалпы оқу ғимаратында 25 оқу сыныбы бар, сыныптар 24 оқушыға шақталған. Мектептің бастауыш сынып бөлігінде 50 педагог сабақ беретін болады. Оқушыларға 220 орындық асхана және спортзал қамтылған. Сонымен бірге нысанның үшінші қабатында 16 оқу орны, 3 компьютер орны бар 10 мың кітап қорына арналған кітапхана, шахмат клубы қарастырылған. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі!