Шымкентте жерді өз бетінше иеленетіндерге бақылау күшейтілді. Қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының үйлестіруімен мемлекет меншігіндегі жерлерге салынған тұруға жарамсыз заңсыз үйлер жаппай сүрілуде. «Жерді өз бетінше иеленуге жол жоқ» жобасы аясындағы тексеру нәтижелерінде 18 үй, 2 үйдің ергатасы бұзылды. Рұқсатсыз тұрғызылған ғимарат иелеріне 3 күн ішінде нысандарды бұзып алып кету бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Қаланың келбетін құртатын, тұрғындардың наразылығын тудыратын заңсыз құрылыс жұмыстарының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен, қаламыз Республикалық маңызы бар статусын алғанға дейін жүргіншілерге қолайсыздық тудыратын заңсыз құрылыстар салынғаны жасырын емес. Ендігі кезекте заңсыз құрылыстарды анықтау және алдын алу жұмыстарын оңтайландыру бойынша қолданыстағы Заң талаптарын бұзған қала аумағындағы заңсыз және техникалық атқарушы құжаттарсыз салынып жатқан құрылыс нысандарын оңтайлы анықтау мақсатында белгiленген тәртiппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарламаларды «Өңірлік геоақпараттық жүйесі» (ГЕОПортал) мен elicense.kz электрондық порталын интеграциялау арқылы тұрақты енгізілуі және «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, толтырылған әкімшілік хаттамалардыңда тұрақты енгізілуі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Айта кетейік, Абай ауданы Ынтымақ шағын ауданындағы 24 гектар және Достық шағынауданындағы 293 гектар бос жерлерге мемлекеттік актісі алынып, аталған басқарма меншігіне тіркелді. Өз бетінше салынған құрылыс – бұл мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, тиісті заңнамаларға қайшы, рұқсатсыз салынған тұрғын үйлер, ғимараттар немесе жылжымайтын мүліктер болып табылады. Заңсыз құрылыс – бұл өндірістік, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық немесе тұрмыстық объектілерге тиесілі жерге құрылыс жүргізу болып табылады. Сүрілген объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстарды жүргізуге рұқсат беру қағидаларында бұзу – бөлшектеу немесе қирату жолымен құрылыстарды немесе құрылыс элементтерін толық немесе ішінара жою қарастырылған. Жерді өз бетінше иелену фактілеріне қатысты заң шеңберінде шаралар қолданылады. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі