Қазір құрылыс-монтаждау бойынша зауыттың 85% құрылыс жұмыстары орындалған. Медициналық жабдықтар, соның ішінде керуерт пен шкаф жиһаздарын шығаратын зауыт «Тассай» индустриалдық аймағында орналасқанын айта кетейік. Жылына 250-ден аса медициналық жиһаз жасап шығаруға қауқары бар кәсіпорынға 208 миллион теңге инвестиция тартылды. ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жасаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіпкерлерге ашық және жылдам жер бөлудің тиімді әдістерін әзірлеу туралы тапсырма берді. Сонымен қатар бизнес өкілдері әкімшілік кедергілерсіз, заңды түрде учаскелер алуы керек деген болатын. Осыған орай бүгінде зауыт «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы индустриалды аймақтан жер телімімен және дайын инфрақұрылыммен қамтылған. Нысан іске қосылған кезде 25 адам жұмыспен қамтылатын болады.Жаңа фабриканың ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. «Қаламызда мемлекеттік қолдау арқасында жаңа өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шымкентте қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала экономикасы өсімінің негізгі алаңдары болып табылатын арнайы экономикалық, индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс жасауына ерекше көңіл бөлінуде. Қала күніне орай «Тассай» индустриялық аймағында іске асырылған жобалар санын жиырмаға жеткізіп отырмыз. Сол кәсіпорындардың бірі – «Mega Smart B2B» жиһаз фабрикасы болып табылады» деген Ш.Мұқан кәсіпорынды ашылуымен құттықтады.Көлемі 2 гектар аумақты құрайтын 750 млн.теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі