Ұлы данышпан, кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 178 жыл толды. Осыған орай
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті. Қоғам белсенділері мен қала тұрғындары алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Абай күніне орай ойшыл ақын, саяси қайраткер және еліміздің тарихында өшпес із қалдырған Абай атамыздың өлеңдерін жас ұрпақ жарыса айтып, әндерін жырға қосты.
Жиналған қауым ақынның шығармаларынан жарыса үзінділер оқыды. Қонақтар сондай ақ, «Абай – адамзаттың мәңгілік рухы» атты Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.
Мерекеге орай, жас оқырмандар арасындағы «Абай әлемі» атты байқау қорытындыланды. Ал, қалалық жасөспірімдер кітапханасы кішкентай оқырмандарға арнайы Абай танымын терең толғау мақсатында сырлы саяхат ұйымдастырды.
Абай күнінде биыл Алматы қаласында бірқатар іс-шара жоспарланған. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Абай алаңындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ сағат 11.00-де театр әртістері метрода ұлы ақынның композицияларын орындайды. Бір мезгілде Алматы музейінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының қорынан экспонаттар көрмесі ашылады. Сағат 17.00-де «Алатау» театрында «Күн артынан күн туар» концерті өтеді. Хор мен оркестрлік топ Көзімнің қарасы», Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның әні», «Қараңғы түнде тау қалғып» және басқа да әндерді орындайды. Ал Абайдың туған өлкесі Семейде ақынның туған күніне орай жерлестер бизнес-форумы өтеді. Абай облысының халқы хакім Абайға осылай құрмет көрсетпек.
Атап өтейік, Ұлы Абай күні мерекесі кешке дейін жалғасады. Бүгін кешкі сағат 19.00 – 19.30 Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-музыкалық толғауын тамашалауға шақырамыз.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі