Бүгін қала әкімі М.Әйтенов арнайы жиында алдағы жылу маусымына дайындық шараларын пысықтап, өзекті мәселелердің шешімін қарастырды. Қазір қала аумағында бөлек орналасқан 23 жылу қазандығының 19-ы қысқы маусымға дайын. Қалған қазандықтар бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, кестеге сәйкес биылғы жылдың 15 қыркүйегіне дейін толық аяқталады. Орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясының 13-ы дайын, қалғанында тиісті шаралар жалғасуда.
М.Дүйсенбекұлы былтырғы қыстың қаттылығын ескере отырып, кемшіліктерді назарға ала отырып, биылғы жылу маусымына дайындықты барынша күшейту, қажетті шаралардың барлығын мерзімінде қамту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар жауаптыларға тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін жылу құбырлары жүргізілген аумақтарды дер кезінде қалпына келтіруді ескертті. Өзекті мәселелелер туындаған көпқабатты тұрғын үйлерге басымдық беріп, ішкі жүйелерді қалпына келтіру бойынша тұрғындардың жауапкершілігін арттыруда шаралар қабылдауды ескертті.
2023-2024 жылдарға арналған жылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында Қаратау ауданындағы 447 көп қабатты тұрғын үйге «Қуат жылу орталық-3» МКК-ымен бірлесіп сығымдау шаралары атқарылуда.
Бекітілген жоспарға сәйкес сығымдау жұмыстарын қазіргі уақытта 8 мекеме жүзеге асыруда.
Жалпы Қаратау ауданы аумағындағы көп қабатты үйлерге қызмет көрсететін бұл мекемелерден 12 арнайы бригада тартылған.
Қазір аудан аумағындағы 447 көп қабатты тұрғын үйден 235 үйге (52,5%) сығымдау жұмыстары толық орындалды. Қалған 212 көп қабатты тұрғын үй бекітілген жоспарға сәйкес қыркүйек айының 15-іне дейін сығымдау жұмыстарынан өтетін болады.
Жиында қала әкімі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембековке жұмысты үйлестіруде салғырттық танытқаны үшін сөгіс берді. Жауаптыларға қала аумағындағы барлық мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу жүйелері мен қазандықтардың қысқа дайындығын тездету және жұмыстарды сапалы, мерзімінде жүргізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі