🔷 Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстармен танысты. Аудан әкімі Рашид Мыңбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндап, алдағы жоспарларын айтты.
🔷 Бүгінде 17 шағынаудан мен 1 елдімекенде 234 857 халық тұрады. Көпқабатты 926 үй бар. Ауданда ауыз су мен электр жарығы толық шешілген, ал табиғи газбен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетіп отыр.
🔷 Жалпы тұрғындар тарапынан көтерілген 207 мәселенің көпшілігі инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, коммуналдық және абаттандыру бағыттарын қамтыды.
🔷 Есептік кездесуде қала әкімі: «Халықпен тікелей байланыс орнату – Мемлекет басшысының басты саясаты. Бүгін осы мақсатта жүздесіп отырмыз. Мәселелеріңізді ашық айтыңыздар. Бәрін тыңдауға дайынмын. Сіздермен осылай тығыз қарым-қатынаста қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешеміз», – деді.
🔷 Ауданның даму жоспарымен танысқан соң, шаһар басшысы тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға көшті.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес көп пәтерлі үйдегі пәтерлер мен үй-жайлардың иелері ай сайын кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға қатысуға міндетті. Бұл ретте шығыстардың шамасы ортақ мүліктегі үлесіне мөлшерлес белгіленеді. Жалпыүлескерлік мүлкіне мыналар жатады: жертөле, кіре берістер, үйдің алды, шатыр, лифт, баспалдақ, үй маңындағы аумақ.Кондоминиум объектісін тіркеудің болмауы жертөлелерге құқықтарды талап етуден бас тартуға себеп болып табылмайды.
«Кондоминиум — бұл шарт. Барлығы кооператив мүшелерінің жалпы жиналыстарында шешіледі. Егер жертөле жалпыүлескерлік болып табылған жағдайда, оның тағдырын тек тұрғындар шеше алады. Мұндай құқықты тұрғын үй қатынастары туралы Заңның «Үй — жайлар (пәтерлер) иелерінің жиналысы» 42-1-бабында көрсетілген, онда ортақ мүлікті басқаруға, ұстауға және күрделі жөндеуге арналған жарналардың мөлшерін бекіту үшін пәтер және үй-жайлар иелерінің жиналысын міндетті түрде мақұлдау талап етіледі», — деді заңгер.
🔷 Қала әкімі тұрғындардың мәселесін мұқият тыңдап, бәрін де назарға алатынын жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына халықтың өтініштері мен ұсыныстарын орындауда нақты тапсырмалар жүктеді.
🔷 Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі