0.3 C
Шымкент
Понедельник, 25 ноября, 2024
Smarttop.kz

ШЫМКЕНТ: АЛДАҒЫ 5 ЖЫЛДА 6 ТРИЛЛИОН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛАДЫ

Шымкент қаласының экономикасына алдағы 5 жылда 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл бағытта нақты жоспар да жасалған.

Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.

Ғ.Сыздықбеков Шымкент қаласы экономикасының инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 4 жылда 1,5 трлн теңге инвестиция тартылған. Ал, алдағы 5 жылда 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл бағытта нақты жоспар да жасалған.

– Қазірдің өзінде жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 229 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Оның ішінде, басым бағыттары өңдеу өнеркәсібі саласында – 405,8 млрд теңге, тұрғын үйге – 594,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 128 млрд теңге, ауыл шаруашылығына – 363,9 млрд теңге жоспарланып отыр.  Нәтижесінде, 34 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады, – деді қала әкімі.

Ғабит Әбдімажитұлының айтуынша, әкімдік жұмысының басты мақсаты — инвесторларға қолайлы жағдай жасап, экономиканы әртараптандыру. Қала әкімі бұл бағытта импорт алмастырушы және экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыратын инвесторлармен тығыз жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

– Өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан көлемі 867 гектар құрайтын 5 өндіріс аймағын құру қолға алынды. Алдағы уақытта 372 млрд теңгені құрайтын 289 жобаны іске асырып, 12 мыңға жуық жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтарына инженерлік жүйелер тартылып, келер жылы қолданысқа берілетін болады. Одан бөлек, сауда-логистикалық орталықты кеңейту арқылы «Өңірлік хаб» құру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.Аталған индустриялық аймақтарды іске қосу арқылы, салықтық түсімдерді арттыру көзделуде, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Шымкент қаласының әкімі шағын және орта бизнестің өркендеуіне ерекше ден қойылып келе жатқанын, бүгінде кәсіпкерлерге бағытталған әртүрлі қолдау шаралары бар екенін айтты. Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 20 млрд теңге бөлініп, есепті кезеңде 16 млрд теңгеге 3 351 жобаға қолдау көрсетіліпті.

Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде соңғы 5 жылда белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлер 2 есе көбейіп, 131 мыңнан асқан. Ал, өңірлік ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 50 пайызға жеткен.

Ұқсас ақпараттар

Полицейлер «Қызыл кітапқа» енген алтын тамыр өсімдігін заңсыз жұлған ер адамды ұстады

smarttop

Келестік полицейлер балаларға жолда жүру ережелерін түсіндірді

smarttop

ТҰРАН ШАҒЫНАУДАНЫНДА ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН «GRAMAD» СУПЕРМАРКЕТІ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗҒА ИЕ АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ АРЗАНДАТЫЛҒАН БАҒАМЕН САТЫП ЖАТЫР

smarttop

Пікір қалдыру