Бүгін 14 наурыз – Көрісу мейрамы. Наурыздың алғашқы бастауы саналатын Амал мерекесі Арыс қаласы көлемінде кеңінен мерекеленді.
Ізгі шара алдымен Арыс қалалық орталық кітапханасында басталды. Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарынан құралған «Наурыз керуені» сонау сақтар заманынан, Тұмар патшайым дәуірінен бері жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрді насихаттады. Қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен құшақтасып көріскен қала тұрғындары бас қосып, көрісудің көркін келтірді.
Бұдан соң, мәдени керуен В.Комаров атындағы мектебіне аялдады. Мұнда этно-мәдени орталықтардың қатысуымен және олардың ұлттық нақыштағы киімдерін көпшілікке таныстыру үлгісінде өтті. Этно-мәдени орталықтардың қатысушылары өз халқының мәдениетімен, ұлттық тағамдарымен таныстырды. Өз кезегінде өнерпаздар жиынға қатысушылардың қолқа салумен әуезді әндер шырқап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Әрі қарай «Наурыз керуені» ұлттық әндерді шырқатып орталық көшелермен әндете М.Әуезов мектебіне келді. Ұлттық киім киген мектеп ұжымы әнмен қарсы алып, жұртшылыққа жақсы көңіл күй сыйлап, көктемнің алғашқы күнінде жақсы тілек, адал ниетін жеткізгені барлық жұртшылықтың ризашылығын тудырды. Дәл осындай мерекелік көңіл-күйді Ә.Жангелдин мен №4 бастауыш мектебінің өнерпаз оқушылары да ұйымдастырды.
№17 колледжде көшті бастаған қонақтармен көрісуден бастау алып, түрлі дәм қойылған ақ дастархан жайылып ас ұсынылды. Өнерпаз студенттер әннен шашу шашса, тіл маржаны төгілген студенттер мерекенің маңыздылығын ұғынып, барша жанды тарихына тоқтала отырып құттықтады. Мерекелік шара соңы Арыс қаласының мәдениет саласының майталманы, абызы, аңызы Әмірхан Жұмағұловтың ақ батасымен қорытындыланды.
Думанды шара Б.Момышұлы, С.Қожанов мектептерінде де жалғасып, қаймағы бұзылмаған халқымыздың берекелі асымен мерекесін келтіріп, көрісу салты бойынша сый-сыяпатын жасалды.
«Наурыз керуені» Ардагерлер орталығында қорытындыланды. Мұнда тынығып жатқан ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелермен көрісіп, ән-күй айтылып, ақ баталар мен ақжарма тілектер айтылды.