Түркістанда 15 сәуір – «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күніне орай «Neke tour» республикалық байқауы өтеді. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған шараға қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен рухани мекенде неке қиюға ниет білдіргендердің қатары артып келеді. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов брифингте айтты.
«Неке — отбасы құрудың негізі. Ата-бабамыз ұрпақтарына осы қасиетті ұғымды, некеге тұрудың шарттары мен тәртібін, киесі мен құндылығын ұғындырып өсірген. Түркістан облысы некеге байланысты әдет-ғұрыпты жандандырып, жөн-жоралғысын жастарға кеңінен насихаттауды мақсат етіп келеді. Бұл жоба — қасиетті Түркістанда ата-баба салтымен қиылған некенің баянды, бақытты боларына үндейді. Рабия Сұлтан Бегім, Гауһар ана, Домалақ ана сынды қазақ ұғымындағы қасиетті аналарды үлгі етіп, жас келіндерге шаңырақтың ұйытқысы болуға шақырады» — деді Нұрдәулет Данабайұлы.
Басқарма өкілінің айтуынша, «Neke tour» жобасы — өңірдің туризм саласының ілгерілуіне де септігін тигізбек. Өйткені қатысушыларға облыстың тарихи-мәдени орындары мен көрікті жерлері таныстырылады.
«Байқауға ресми некедегі және өтініш берерде неке қию туралы куәлігі бар жасы 18-ден асқан жұбайлар қатыса алады. Үміткерлер http://neketour-turkistan.com/ сайтындағы өтінішті толтырып жолдаулары қажет. 2024 жылдың 3-9 сәуірі аралығында өтініштер қабылданып, нәтижесі 10 сәуір күні «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «@openturkistan» парақшасында жарияланады. Іріктелген 20 жұп «Шаңырақ», «Махаббат», «Ару», «Жанұя» номинацияларымен марапатталады. Іс-шара барысында «Селт еткізер» және «Ұйқыашар», «Ақсүйек» секілді ұмыт болып бара жатқан ұлттық дәстүрлер мен ойындар өтеді» — деді «Open Turkistan» туристік ақпарат орталығының маманы Гүлдана Бекбаева.
Айта кетейік, «Шаңырақ» номинациясының жеңімпаз жұбына — Түркістанға барып-қайту билеттері, 2 күн қонақ үйде тұру шығындары, фотосессия, неке қию рәсімі мен кешкі асқа жолдама беріледі. «Махаббат» номинациясының жеңімпаздарына — 2 күн қонақ үйде тұру, фотосессия, неке қию рәсімі ұйымдастырылады. Ал «Ару» номинациясының жеңімпаз жұптарына — фотосессия, неке қию рәсімі, кешкі асқа жолдама берілсе, «Жанұя» номинациясының жеңімпаздарына неке қию рәсімі, фотосессия және сыйлықтар үлестіріледі.