Шымкент қаласының аудан аумақтарында, қоғамдық орындарда жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау мақсатында рейд жүруде. Рейд барысында прокуратура, жергілікті полиция өкілдері мен Абай ауданы әкімі аппаратының салалық бөлім қызметкерлері пробация есебінде тұрған азаматтар мен зорлық-зомбылық бойынша есепте тұрған отбасылардың үйін аралады. Кәсіпкерлік нысандарында заңсыз ішімдік, темекі сату фактілерінің алдын алу бойынша кәсіпкерлік нысандар тексерілді. — Біздің басты міндетіміз — қоғамдық тәртіпті қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күресу. Сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыстық істерді тергеп, мемлекеттік қызмет көрсетеді, қылмыскерлер мен із–түзсіз жоғалғандарды іздейді.
—Профилактикалық іс-шараны Қайнарбұлақ саяжайында жүргізіп жатырмыз. Осы аумақтың зорлық-зомбылық көрген отбасыларын аралап, мәселелерін зерделейміз. Бұл іс-шара әр он күн сайын өткізіледі. Қазіргі таңда құқық бұзушылықтар, жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруі азайған, — деді Абай ауданы прокурорының орынбасары Князь Валиев.
Сондай-ақ рейд барысында дүкендердің алкагольді ішімдіктерді сату құжаттарының бар- жоқтығы және кәмелетке толмаған жастарға оларды сату бойынша да қылмыстық істер анықталып, арнайы хаттама толтырылды.
Ауданда өткен жылы кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі және Жастар ресурстық орталығымен бірлесе 29 мектепте профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 27 іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде Абай ауданында кәмелетке толмағандарға қатысты орын алған қылмыстар 21-ден 16-ға төмендеген. Биыл да бұл шаралар жалғасын тауып, қылмыс азайып келеді.
«Шымкент келбеті»