Бүгін Шымкентте Таза Қазақстан жалпы халықтық сенбіліктің үшінші аптасы қарқынды жұмыстармен жалғасын тапты. «Жасыл аймақ» деп аталған апталық аясында жоспар бойынша көшет отырғызу жұмыстарын жүргізу керек болатын. Бірақ көшет егу маусымы аяқталғандықтан сенбілікке қатысушылар талдарды әктеп, орындықтар мен жақтауларды сырлаумен айналысты.
—Таза Қазақстан акциясы аясында Қаратау ауданына қарасты Тұран-1 шағынауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан балалар ойын алаңшаларында сырлау жұмыстарын жүргізудеміз. Акцияға тұрғындар да белсене қатысуда. Жалғыз әкімдіктің көмегімен барлық жерді тазартып шығу мүмкін емес. Сондықтан тұрғындарды белсенді болуға шақырудамыз, — деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Шымкент қаласы Азаматтық Альянсының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан акцияның биыл ауқымы кеңейіп, үздіктер саны артып отыр. Бұған дейін қала бойынша 4-5 аталыммен ғана үздіктер анықталып келген. Биыл 5 номинация бойынша әр ауданның өз үздіктері анықталып отыр. Бұл қаланың басым бөлігін қамтуға мүмкіндік берді. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген өздеріңіздей азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов.
Сондай-ақ тұрғындар, көшелер мен үйлердің басқарушылары, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың қызметшілері белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартты. Сенбілікте депутаттар, кәсіподақ, қоғамдық кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер және ерікті жастар да белсенділік танытты.
Келесі жалпысенбілікте Әл Фараби ауданы аумағына басымдық беріледі. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша шеткі аумақтардағы қоқыс үйінділерінде тазалық шаралары күшейтіледі.
Ал қараша айында тал егу жұмыстары басталады. Қаланың орталықтары, Тұран елдімекені және аэропорт аумағына жапырақты, қылқан жапырақты түрлі декоративі ағаштар отырғызылады.
Тұран 1шағынауданында өткен тазалық акциясына жастар ресурстық орталығының жастары, Шымкент қалалық опера және балет театрының қызметкерлері, Қаратау аудандық коммуналдық мекемесі, тұрғындар, мектеп оқушылары атсалысып, жалпы 100 ге жуық адам тазалық жұмыстарын атқарды. Қаратау аудандық коммуналдық мекемесінен 20ға жуық техника жұмыс істеп, өсіп кеткен шөптерді орып, ағаш бұталарды қырқып, ретке келтірді.