«Amanat» партиясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған акцияны әр бейсенбі сайын ұйымдастырып келеді. Бұл жолы саяси ұйым мүшелері Тұран ауданы әкімі апаратының қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жасады. «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жәй ғана есеп үшін жұмыс емес. Мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Бүгінгі тазалық жұмыстары Бадам өзенінің бойында жалғасын тапты. 300-ге жуық партия қызметкерлері, ардагерлер, Жастар Рухы, «Jasyl el» еңбек жасағы және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. Өзен бойының 2 шаршы шақырым жері тазаланып, 1 тонна қоқыс шығарылған. Бұл жұмыс аймақтың өзге аудандарында да жалғасын таппақ.
Жағалай шашылған қоқыстарды жинауға жастар ерекше атсалысты. Қураған шөптерді ору, ағаштарды әктеу, сырлау сияқты жұмыстар атқарылды. Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлының айтуынша, осыдан бірнеше апта бұрын «Бадам» өзенінің жағалауы толықтай тазаланыпты. Дегенмен бұл өзен жағасында халық көп шоғырланған. Кейбір тұрғындар қоқыс қалдықтарын арнайы орындарға тастамай, бей-берекет лақтыратын көрінеді. Ендігі уақытта тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтиже шығады деп күтілуде.
Акция басталғалы біршама игі істің басы-қасында жүрген ардагерлер бүгінде тазалық жұмыстарына қатысып, жастапға үлгі-өнеге көрсетті. Жыл соңына дейін жалғасатын экологиялық акция көпшілікке оң өзгеріс сыйлайды деп сенеміз.
Тұран ауданы Қоғамдық орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Балғанов игі іске жастар белсенді қатысып жатқандығын айтты.
– Бұл акция ресми және бір реттік емес, тұрақты және жалпыұлттық түрде өтуде және әр аптаның бейсенбісі тазалық күні деп жоспарланған. Акция жаңа экологиялық ойлауды, халықтың экологиялық мәдениеті мен мінез-құлқын құруды, жаңа экологиялық әдеттердің пайда болуын бастауға мүмкіндік береді. Қоршаған ортаға саналы көзқарасты қалыптастыруды және оны сақтаудың маңыздылығын түсінуді қамтиды. Жаз мезгілінде күннің ыстығына қарамастан, жастар жағы белсенді түрде жұмыс жасауда,-дейді Дәурен Балғанов
Дегенмен, ауыл ақсақалдары өзен жағалаулары, ағаш бұталары күл-қоқысқа толып, босаған шөлмектер мен пластикалық ыдыстардың қалдықтары азаймай тұрғанына өкініштерін де білдіреді. Партия м.шелері мен әкімдік қызметкерлері алдағы уақытта бұл жағдайды бақылауға алатындарын айтты.
“Шымкент келбеті“