Биыл мамыр айынан бастап қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен 14 санаттағы азаматтарға, атап айтқанда I және II топтағы мүгедектерге, 70 жастан асқан зейнеткерлерге, 7 жастан 17 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына қалалық бағыттар бойынша тегін жүру қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда қалада 250 мыңнан астам жолаушы қоғамдық көліктерде тегін жүреді.
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жеңілдетілген көлік карталарын шығару және сату бойынша 5 пункт ашылды. Сонымен қатар, жолаушылардың сұраныстары мен өтініштері ескеріле отырып, биылғы жылы 39 бағыттың қолданыстағы қозғалыс схемаларына өзгерістер енгізілді. Барлық шағынаудандар мен тұрғын алабтар, соның ішінде шалғайда орналасқан елдімекендер толық қоғамдық көліктермен қамтылған.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес мегаполистің басты көшелерінің сәулеттік келбетін бірыңғай ету мақсатында көпқабатты 62 тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылады. Жергілікті бюджеттен қаралған қаражат есебінен көпқабатты 46 тұрғын үйдің қасбеті ретке келтірілуде. Қалған 16 тұрғын үй бойынша мердігер мекемелер анықталып, олармен тиісті келісім шарт жасасу жұмыстары жүргізілуде.
Жоспарда Әл-Фараби ауданында 32, Қаратау ауданында 18, Тұран ауданы бойынша 12 тұрғын үй қаралған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кетерлік жәйт қаламыздағы сапасыз медициналық қызмет көрсеткен сенімгерлікке берілген №13 қалалық емхана мен №2 қалалық емхана мемлекетке қайтарылды. 45 мыңнан аса адам тіркелген медициналық мекемелер 2021 жылы жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген. Келісім шартқа сәйкес материалдық база жаңартылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс болған, алайда, міндеттемелер толық орындалмаған. Сапалы медициналық қызмет көрсетілмегендіктен, емхана жұмысына науқастар да жиі шағымданған. Сондықтан осындай шешімдер қабылданып, емханалар мемлекетке қайтарылды. №13 қалалық емхана аккредиттеуден өтіп, қазір қажетті жаңа жабдықтар бюджет есебінен сатып алынды.
Сонымен қатар биыл Жыланбұзған елді мекенінде дәрігерлік амбулатория ашылды. Жалпы, қаладағы медициналық ұйымдардың 2023 жылмен салыстырғанда дәрілік заттармен қамтамасыз етілуі 3 есеге өсіп отыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі