Шымкентте 2024-2025 жылғы жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында «Өрт қауіпсіздік айлығы» өткізілді. Бұл шара тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ұйымдастырылып, өрт қаупін азайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл туралы бүгін Өңірліу коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі — Ережепова Эльмира Уалиханқызы баяндады.
Өткен маусымда, 2023-2024 жылдары, қатты отын пайдаланғанда улы газбен уланудың 5 жағдайы тіркеліп, 4 адамның өмірі қиылды. Бұл көрсеткіш 2022-2023 жылдармен салыстырғанда 44%-ға төмендегенімен, жарақат алғандардың саны артты. Осыған байланысты, жергілікті билік тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жаңа жылыту маусымы алдында сақтық шараларын қайта қарады.
8 тамызда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А. Кәрімов «2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына арналған өрт профилактикалық жұмыс» жоспарын бекітті. 16 тамызда өткен қаладағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында құзырлы органдарға нақты тапсырмалар беріліп, шаралар хаттамаға енгізілді.
Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында өрт қауіпсіздігі мен ауланы күтіп ұстау мәселелері талқыланған дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Ал «Үлгілі үй» байқауында «Дендропарк» тұрғын үй кешені үздік деп танылып, өрт қауіпсіздігін сақтаудағы үлгісін көрсетті. Кинотеатрларда өрт қауіпсіздігі тақырыбында 10 арнайы бейнеролик көрсетілсе, ЛЭД экрандарда 25 бейнеролик жарияланған. Сондай-ақ, «Жатақхана» және «Оттан сақ бол» акциялары аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілуде.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі