Әл-Фараби ауданының аумағы 19 880 гектарды құрайды, халық саны 234 857 адамды құрайды. Аудан әкімінің мәліметінше, ауданда 928 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген, 16 633 жеке үй, 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш және 12 субұрқақ бар. Бұл туралы бүгін брифингте Әл-Фараби ауданының әкімі Мыңбаев Рашид Мамытұлы баяндады.
Аудан инфрақұрылымы толыққанды, ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100% қамтылған.
Ал «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2024 жылы 70 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын, спорт алаңшаларын орнату үшін 1 миллиард 717 миллион 971 мың 510 теңге бөлінді.
Халық қатысатын бюджет жобасы шеңберінде 66 балалар ойын және 4 спорт алаңшасы орнату жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың соңында абаттандыру деңгейі 78,3%-ға жетіп, 2025-26 жылдары 100%-ға жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарына демалыс орындарын ұлғайту мақсатында 2024 жылы 3 гүлзар салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Ағымдағы жылда Әл-Фараби ауданындағы орталық көшелерге 657 дана үлкен көлемді темір қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары басталды. Ауданда қоқыс жәшіктерін жаңарту мен тазалық жұмыстары қала көркіне үлес қосуда. 2023 жылы аудан бойынша 120 қоқыс алаңы жаңартылып, «GLOBAL BUSINESS CONSTRUCTION» ЖШС-мен жасалған келісім аясында 680 қоқыс контейнерін жеткізу жоспарланды. Қазіргі таңда мердігер мекеме 497 контейнерді орнатқан.
Аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін аудан 7 секторға бөлінген. Әр секторға аудан әкімдігі тарапынан жауапты мамандар бекітілген. Ішкі орамдардың тазалығын «Әл-Фараби» КММ қамтамасыз етеді, оларда 21 техника мен 161 адам жұмыс істейді. Басты көшелердің тазалығына «ТАЗА ӨЛКЕ» ЖШС-нің 68 техникасы мен 382 қызметкері жауапты.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі