Шымкент — қарқынды дамып келе жатқан қала. Сәйкесінше, электр энергиясына сұраныс та артып келеді. Қала әкімі бүгінгі таңда 110/10 кВ кабельдік желімен жабдықталған, 36 МВт қуаты бар “Дендропарк” жаңа электр қосалқы станциясының іске қосылуына қатысты.
— Инвесторлардың қаражаты есебінен салынған қосалқы станция Абай және Әл-Фараби ауданында қарқынды дамып жатқан жаңа тұрғын аймақ пен коммерциялық нысандарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл шағынаудандарда көпқабатты үйлер, әлеуметтік және мәдени нысандар шоғырланған. Жалпы бұл жобаның энергия тапшылығын болдырмауда маңызы зор, — деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Алғашқы кезеңде 5221 абонент электр энергиясымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 5 057 жеке және 164 заңды тұлға. Алдағы уақытта қала тұрғындары мен бизнес өкілдерінің сұранысына сай қосымша 7500-ден астам абонентті қосу мүмкіндігі бар.
Қосалқы станция стратегиялық және экологиялық қауіпсіздік бойынша барлық заманауи талаптарға сай келеді. Жобаны жүзеге асыру барысында озық технологиялар мен жабдықтар қолданылды.
Сонымен қатар, Абай ауданында қаладағы маңызды инфрақұрылым жүйесі іске қосылды. Шаһар басшысы жергілікті тұрғындармен бірге 60 мыңнан астам халқы бар “Қайнарбұлақ” тұрғын алабында табиғи газ қосу шарасына да қатысты. Бүгінге дейін тұрғындар тұрмыста сұйытылған газ пайдаланып келген.
Газ құбырының құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған. Халықты сапалы қызметпен қамтамасыз ету мақсатында әкім жауапты тұлғаларға жұмысты жоспарланған мерзімнен бұрын іске қосуды тапсырды.
Бүгінгі таңда абоненттердің 60%-ы тұрақты және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етілді. Қалған 40%-ын қараша айының соңына дейін қосу жоспарланып отыр. Бүгіннен бастап тұрғындар көгілдір отынға қосылуға өтінім бере алады.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін “Ынтымақ-2”, “Тассай”, “Бозарық” және “Көктөбе” шағынауданы тұрғындарын да табиғи газбен қамтамасыз етуді жоспарлануда.