Шымкентте «SHYMKENT IT HUB – МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ» атты форум өтті. Форумға IT саласының мамандары, оқушылар және студенттер қатысты.
Цифрландыру басқармасы ұйымдастырған форумының мақсаты — IT саласын насихаттау және Shymkent Hub-тың мүмкіндіктерімен таныстыру. Өңірлік хаб аясында өз жобаларын дамытып жүрген бірқатар компания басшылары технопарктің әлеуеті туралы баяндап берді.
– Қазіргі таңда өздерінің болашағын IT саласымен байланыстырған жастар көп. Осы форумды өткізудегі негізгі мақсат – IT саласын дәріптеу, одан әрі дамыту, жас мамандарға, оның ішінде ақпараттық технологиялар факультетінде оқып жүрген студенттерге өңірлік хабтың мүмкіндіктерімен, қолдау тетіктерімен таныстыру. Цифрландыру – кеңінен дамып келе жатқан сала. Қазір барлық жүйелер автоматтандыруды талап етеді. Өз мүмкіндіктеріңізді одан әрі дамыту үшін осы хаб ашылып отыр. Коворкинг орталықтарының да сіздер үшін есігі әрдайым ашық, – деді Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов
Жиында Шымкент хабтың өңірлік менеджері Тимур Қозыкеев технопарктің басты мақсаты – IT экожүйесін дамыту мен жаңа жобаның жұмыс бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ, IT компаниялардың өкілдері де өздерінің стартап және әлеуетті жобалары жөнінде айтып өтті. Стартап-жобаларды әзірлеу барысында қатысушылар кәсіпкерлік негіздерін, инвестицияларды тартуда қолдауды, қаржылық есеп жүргізуді және басқа да қажетті дағдыларды үйренеді.
Айта кетсек, биыл тамыз айында қалада «Shymkent Hub» ашылған еді. Еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетуді көздейтін сала мамандары үшін орталық үлкен мүмкіндік береді. Жаңа бастама өңірлердегі талантты мамандарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасайды.